Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қуандық Бишімбаев зәулім коттедждің кімге тиесілі екенін айтты

Қуандық Бишімбаев президенттен кешірім сұрады. Бұрынғы Ұлттық экономика министрі адам танымағаным үшін айыптымын деп отыр. Яғни, өз командасынан шыққан сатқындардың кесірінен істі болып жатқанын айтады. Бүгін алғаш рет сот алдында жауап берген ол Астанаға жақын Қосшы ауылындағы зәулім коттедждің кімге тиесілі екенін де жариялады, деп хабарлайды КТК арнасы.

Қуандық Бишімбаев ісіне қатысты процес былтыр қазанда басталған. Экс-министр бұған дейін еш түсінік берген емес. Екі ай өткен соң ғана сот алдында алғаш жауап берді. Ол күдіктілер отырған терезенің арғы бетінен  де бүгін бірінші рет залға кісенсіз шықты.

Мінберден сөз алған Бишімбаев Ұлттық бюроға өкпесін ашық айтып, еркін шер тарқатты. Жемқорлыққа қарсы мекемедегілер қарадай жала жапты дейді ол. Тіпті тергеушілер соттың үкіміне әсер етеміз деп қоқан-лоқы көрсеткен көрінеді. Сондықтан экс-шенеунік сотта куәгерлер мен журналистердің көзінше ғана түсінік беруге шешім қабылдапты. Заң бойынша күдіктінің оған құқығы бар. Бірақ, Бишімбаев өз дәлелдерін оқымас бұрын, бірінші Президенттен кешірім сұрады.

“Мен Елбасы алдында кінәлі екенімді мойындаймын. Мен білетін және өзім жұмысқа шақырған адамдар: Жақсыбаев, Жақыпов және басқалары менің үмітімді ақтамады. Ол үшін Мемлекет басшысы алдында жауаптымын. Болған оқиғалар үшін ұяламын және Президенттің сенімін ақтай алмағаным жаныма батады. Кадр таңдау мәселесінде қатты қателестім. Мені және менің сенімімді пайдаланып кеткен адамдарды тарттым. Мен Мемлекет басшысынан және бүкіл халықтан кешірім сұраймын”, – дейді Қуандық Бишімбаев.

Яғни, Бишімбаев айналасына адал адам жинай алмағаны үшін кешірім сұрады. Мәжілістің экс-спикері Қабиболла Жақыповтың  ұлы Аслан Жақыпов, «Бәйтерек Деволопменттің» бұрынғы төрағасы Бақыт Жақсыбаев сынды қарамағында жұмыс істегендер оның  сеніміне кіріп, өзін орға жыққан. Қосшы ауылындағы зәулім коттеджді Бишімбаев пара ретінде алған ақшаға салды деп, түсінік берген де осы Жақсыбаев. Бүгін Бишімбаев сол шулы үйдің кімге тиесілі екенін айтты. Баспананың бірнеше иесі бар екен. Жақсыбаев, Бабағұлов, Нұрлыбек, Достияров, Сисембаев және Бишімбаевтың бірігіп тұрғызған. Аты аталған адамдар ол үйді ортақ  пайдаланып келгенін тергеушілер де біледі. Бірақ, оны ешкімнің ескергісі жоқ дейді Бишімбаев.

“Жалпы, егер ол менің үйім болса, неге ол жерде бәрі ойына келгенін жасап жүр? Неге үй ішінің интерьерімен мен немесе әйелім емес, Жақсыбаев Бақыт айналысты? Бұл үй маған тиесілі емес. Мен – үйдің құрылысына өз тарапымнан қаражат қосқан қолданушылардың бірімін. Бұл менің үйім емес”, – дейді Қуандық Бишімбаев.

Бишімбаевтың әйелінің айтуынша, үлкен моншасы бар коттедж ешкімнің атына ресми түрде жазылмаған. Әзірге құжат бойынша нақты иесі жоқ.

“Олар коттедждің құжатын реттеуге енді кірісеміз деп жүрген. Қуандық құрылысқа 89 мың 500 доллар салды.Бұл   ақша біздің отбасылық бюджетімізге тиесілі. Қалған шығынды өзгелер көтерген”, – дейді Қуандық Бишімбаевтың әйелі Назым Қаһарман.

Бишімбаев Қызылордадағы шыны зауытына деп бюджеттен бөлінген 1 миллиардтан астам теңгені де жалған фирмалар арқылы қолды қылды деп айыпталған. Экс-министрдің бұған да қатысты уәжі бар екен. Үш жылға сотталған атышулы кәсіпкер Мұратхан Тоқмәди Қызылордадағы зауыттың құрылысына швед инвесторларын тықпаламақ болған екен. Бишімбаев бұған келіспеген. Соның салдары өзіне жала болып жабысыпты.

Жалпы, атышулы ісі бойынша 22 адам күдікке ілінген. Оның 20-сы қылмысын мойындады. Тағылған айыптармен тек бұрынғы Ұлттық экономика министрі келіспей  отыр. Соңғы болып түсінік берген Бишімбаев бүгін бес сағаттай көсіліп сөйледі. Енді келесі отырыста 22 күдіктінің адвокаттары мен прокурорлар басты айыпталушының өзіне  сұрақ қоятынын ескерсек, әлі талай былықтың беті ашылуы мүмкін.

Оқи отырыңыз:

Талдықорған тұрғындары өрт шыққан сауда үйінен қалай қашып шыққандарын айтып берді

Оралда мешітке келушілердің ақшасын жымқырумен айналысқан ұры ұсталды

Ерлан Біләлді қорғаштаған актриса ел алдында жылап тұрып өлең оқыды

Үнді әніне мың бұрала билеген Жанар Айжанова желіні шулатты (видео)

Әріптестері парамен ұсталған Ерлан Біләлді қолдады

Талқылау