Крещение мерекесінде мұсылмандарға суға түсуге болмайды – ҚМДБ
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы православ христиандарының Крещение мерекесіне мұсылмандардың қатыспағаны дұрыс деді. Ислам дінінде бұл күнәлі әрекет болып саналады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Shutterstock / FOTODOM / Dmitrii Iakimov
Жыл сайын 18 қаңтардан 19-ына қараған түні дүниежүзінің православ христиандары Крещение мерекесін атап өтеді. Бұл дін өкілдерінің сенімі бойынша, сол күні суға түсу арқылы адам күнәсінен тазарады. Ал ислам діні оған құрметпен қарауға шақырғанмен, имамдар мұсылмандардың бұл дәстүрге, мерекеге қатыспауын ескертті.
“Ислам дінінде Алланың елшісі Мұхамед (с.ғ.а.) бекітіп берген белгілі бір мереке күндеріміз бар. Өзге дін өкілдерінің де мерекесіне ешқандай қарсылық пен кедергі жасауымызға болмайды. Бірақ олармен бірге тойлауға рұқсат етілмейді. Өйткені пайғамбарымыз "Кім қай қауымға ұқсаса, ол сол қауымнан" деген. Мұсылмандар арасында қандай да бір адам сол күні суға шомылуды қасиет санаса, ол күнәлі әрекет болып саналады”, – деді ҚМДБ Жетісу облысы бойынша шәриғат және пәтуа бөліміне жауапты маман Қамит Табарак.
Еске салсақ, бұған дейін ҚМДБ жастар арасындағы қатігездікке байланысты үндеу жасаған еді.