Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Күн ыстықта балмұздақ жеп уланып қалмаудың жолдарын Денсаулық сақтау министрлігі түсіндірді

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі жазда сұраныста болатын балмұздақтан уланудан сақ болуға шақырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

балмұздақ

Министрліктің мәліметінше, балмұздақ дайындау тәсілі бойынша – жұмсақ және қатайтылған болып екіге бөлінеді. Жұмсақ  түрі 4-8 °C температурада мұздатқышты пайдаланып шығарылады және дайындалғаннан кейін бірден тұтынылады, сақтауға жатпайды. Ал екінші түрі зауытта арнайы жабдықта (-18 ° C және одан төмен) терең мұздату арқылы шығарылады. Бұл ретте температура тасымалдау, сақтау және сату кезеңдерінде сақталуы шарт. 

Балмұздақты мұздатқышта сақтаған кезде оның тағамдық құндылығы мен дәмі уақыт өте өзгереді. Сақтау кезінде балмұздақ иістерді өте оңай сіңіреді. Теріс температура бактериялардың өсуінің баяулауына әкеледі, бірақ еріткен кезде микроорганизмдердің көбеюіне қолайлы жағдай жасайды.

Балмұздақтан улануды болдырмау үшін мыналарды есте сақтау маңызды:

  • Қайта мұздатылған балмұздақтар бастапқы пішінін жоғалтып, су тамшылары немесе мұз кристалдары пайда болады. Оны пайдаланудан бас тартқан дұрыс;
  • Дұрыс сақталмаған жағдайда балмұздақ өзіне тән емес дәмге ие болады. Көпіршік ақ жабынмен жабылып, біртекті емес консистенцияға ие болады;
  • Тарату желісінде балмұздақ сатып аларда бөгде өнімдерден бөлек тұруы мен иістерден таза болуын мұқият тексеріңіз;
  • Сақтау мерзімі түріне, өндіру технологиясына, орау әдісіне, қаптама түріне, сақтау жағдайларына және ингредиенттерге байланысты (бірнеше сағаттан 1,5 айға дейін). Сақтау ұзақтығына қаптаманың көлемі де әсер етеді. Балмұздақтың орамы неғұрлым үлкен болса, сақтау мерзімі соғұрлым қысқа болады.
  • Қаптаманың ісінуі – балмұздақтың мерзімі өтіп кеткендігінің белгісі.
  • Белгісіз сауда орындарында және салмағы бойынша балмұздақ сатып алудан бас тартыңыз. Сатушыдан сатушының медициналық кітапшасы мен өнімнің қауіпсіздігін растайтын құжаттары бар-жоғын сұраған жөн.
  • Сатушылар арнайы форма мен бас киімде болуы керек, бір рет қолданылатын қолғапты пайдалану қажет.

"Өзіңізді күтіп, сау жүріңіз", − деді Денсаулық сақтау министрлігі.

Талқылау