Қазақстандық дәрігер Меккеден ұшқан ұшақта жолаушының өмірін құтқарып қалды
Талдықорғандық дәрігер Сауд Арабиясындағы қажылықтан елге оралып келе жатқан ұшақта денсаулығы сыр берген жолаушының өмірін құтқарып қалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Денсаулық сақтау министрлігі
Меккеден ұшқан ұшақта павлодарлық азаматтың денсаулығы күрт нашарлап, аллергиялық ауру пайда болған. Ол тұмауға қарсы препаратты қабылдап, ұйықтап кеткен. Араға бір сағат салып, бет-аузы ісіп оянған.
Бортсерік қыз ұшақ ішіндегі жолаушыларға шұғыл дәрігер қажет екенін хабарлаған. Дәл сол уақытта ұшақта болған Жетісу облысының дәрігері Жаннұр Сырымов науқасқа алғашқы көмек көрсетті. Жолаушы Мұрат Иманғазиновтың айтуынша, бұл уақытта шамамен Кап тауларының үстінде ұшып келе жатқан.
"Экипаж шұғыл жағдай болса, ұшақты жақын маңдағы әуежайдың біріне қондырамыз деген шешім қабылдаған. Бірақ Жаннұр Мәуленұлы өз ісінің кәсіби маманы екенін айтып, аман-есен жеткізді. Өміріме араша түскен абзал жанға шексіз ризашылығымды айтқым келеді", – дейді Мұрат Иманғазинов.
Жаннұр Сырымов – Жетісу облысы, Көксу аудандық ауруханасының бас дәрігері. Сол сапарында Меккеге мүгедек әкесін қажылыққа апарып, қайтып келе жатқан беті екен.
“Науқасқа өмірімде әуеде медциналық көмек көрсетем деген ой болмапты. Әкеме үнемі ем-дом жасап жүретіндіктен, жанымда дәрі-дәрмек қобдишасын ұстайтынмын. Бортсерік қыздың хабарлауынан соң науқас ағаның жанына жедел барып қарасам, көзінің айналасы мен беті ісіне бастаған. Мұны медицина тілінде "Квинке ісінуі" деп атайды. Егер 15-20 минут ішінде адамға медициналық көмек көрсетілмесе, өліп кетуі ықтимал. Бірден "Аллергопресс" және "Преднизолон" препараттарын ектім. Одан соң қан қысымын өлшеп, тілінің астына таблетка салдым. Система салуды да бастап кеттім", – дейді дәрігердің өзі.
Жаннұр Мауленұлы медицина саласындағы еңбек жолын санитарлық фельдшер болып бастаған. Көксу ауданындағы қызметіне дейін Алматыдағы Сызғанов атындағы ұлттық ғылыми хирургия орталығында бүйрек трансплантологиясы, урология және экстракорпоралды детоксикация бөлімшесінің меңгерушісі, Талдықорған қаласында аурухана басшысының орынбасары болып еңбек еткен.
Бұған дейін астаналық студент ұшақта адам өмірін құтқарып қалған еді.