Костенко шахтасындағы жарылыстан қаза тапқандар саны өсті
Костенко шахтасындағы жарылыстан қаза тапқандар саны 42-ге жетті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Шахтаға апатты жою жөніндегі республикалық жедел штабтың бастығы, Төтенше жағдайлар министрі, генерал-майор Сырым Шәріпханов түсті. Өрт және шахтерлердің қаза болған жерлері тексерілді.
"Жедел әрекет ету орталығы тәулік бойы іздестіру-құтқару жұмыстарын үйлестіруде. Кеншілер табылуы мүмкін қауіпсіз және ықтимал аймақтардан тау-кен құтқарушыларының өту жолдары әзірленуде. Барлау жұмыстары бір-бірінен шамамен 4 км қашықтықта орналасқан екі тау-кен учаскесінің аумағында жүргізілуде. Тау-кен құтқарушылары қажетті құрал-жабдықтармен және байланыс құралдарымен қамтамасыз етілген. Газ жағдайына мониторинг жалғасуда", - делінген хабарламада.
Іздестіру-құтқару жұмыстарына "Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару жұмыстары қызметі" республикалық орталық штабы" ЖШС Қарағанды филиалынан барлығы 55 тау-кен құтқарушысы мен 15 бірлік техника жұмылдырылған.
Жедел медициналық көмек көрсету үшін 21 адам мен жеті жедел медициналық техника жұмылдырылды. Сонымен қатар Төтенше жағдайлар министрлігі мен Қарағанды облысының Төтенше жағдайлар департаментінде республикалық және облыстық жедел штабтар жұмыс істейді. Сағат 15:00-дегі мәлімет бойынша 42 адамның мәйіті табылды, төрт кеншіні іздеу жұмыстары жалғасуда.