Костенко шахтасында зардап шеккен 27 кенші әлі ауруханада жатыр
Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев үкімет отырысында Костенко шахтасында зардап шеккен кеншілердің жағдайы жайында айтып берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Костенко шахтасындағы жағдай бойынша облыстық жедел штаб жұмыс атқаруда.
“Қазіргі таңда медициналық мекемелерде 27 адам жатыр. Біреуінің жағдайы ауырға жақын, 24-і орташа және екеуінің халі бірқалыпты. Барлық пациенттер қажетті медициналық көмек алып, оңалтудан өтіп жатыр. Қаза тапқан әрбір кеншінің отбасына меморгандардың басшылары мен депутаттар бекітілді", –деді облыс әкімі.
Сондай-ақ облыс басшысы қаза тапқан кеншілердің отбасыларына көмек көрсетілетінін атап өтті.
"Көпбалалы отбасылар, жалғыз асыраушысы және кәмелетке толмаған баласы бар отбасылар анықталды. Қазақ тапқандардың ипотекасы және басқа да несиелері мен тұрғын үй жағдайы туралы ақпарат жиналды. Қаза тапқандардың отбасына мемлекет тарапынан материалдық көмектің барлық түрі түсіндіріліп жатыр. "АрселорМиттал Теміртау" жерлеу шығынын ұйымдастыру және төлеу бойынша міндеттемесін орындап жатыр. Компанияның қалған міндеттемелері кезең-кезеңімен орындалады", – деді Ермағанбет Бөлекпаев.
Естеріңізге сала кетейік, 28 қазанда Костенко шахтасында метан газы жарылған. Соққы толқынының таралу диапазоны 2 км-ден асқан. Апат кезінде жер астында 252 шахтер болған деп айтылады. 206-сы өз бетімен жер үстіне шыққан. Қалғандары сыртқа шыға алмай қалған.
Алдын ала мәлімет бойынша, апатқа көмір оятын орыннан өрттің шығуы себеп болған.
29 қазан елімізде жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды. Бүкіл елде жалау түсіріліп, барлық ойын-сауықтар тоқтатылды.
Апаттан кейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан үкіметіне "АрселорМиттал Теміртау" АҚ-мен ынтымақтастықты тоқтатуды тапсырды. Қарағанды облысында кеншілердің өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалғаны белгілі болды. Үкімет "АрселорМиттал Теміртау" АҚ меншігін Қазақстанның пайдасына беру жөніндегі мәміле қазірдің өзінде аяқталып жатқанын мәлімдеген.
Айта кетейік, бұған дейін егер Лакшми Миттал кінәлі деп танылса, құқық қорғау органдары оны жауапқа тартуға құқылы екені айтылған.
Қазақстанда Лакшми Митталды қылмыстық жауапкершілікке тартуды талап ететін петицияға қол жинау басталды.
31 қазан күні соңғы кеншінің дене бөлшектері табылды.