Қостанайда үш мұғалім қаза тапқан жол апаты: Жүк көлігінің жүргізушісі кінәсін мойындады
Фото: tobolinfo.kz
Қостанайда үш мұғалім қаза тапқан жол апатына қатысты сот процесі жалғасуда. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Айыпталушы 35 жастағы жүк көлігінің жүргізушісі Исмаилжон Розақұлов өз кінәсін мойындады.
Жол апаты 2024 жылдың 16 желтоқсанында Қостанай – Әулиекөл – Сұрған тас жолында болған. Тергеу нұсқасы бойынша, "Volvo" жүк көлігі қарсы бағытқа шығып кетіп, Қарасу ауданынан Қостанайға бағыт алған жолаушылар отырған "Toyota Alphard" шағын автобусымен соқтығысқан.
Оқиға орнында үш мұғалім – Карина Лаврик, Луиза Ашаева және Алина Абрамова қаза тапты. Тағы үш жолаушы, соның ішінде 11 жастағы бала түрлі дене жарақатын алған.
Розақұлов сотта бес жылдан астам уақыт бойы жүк тасымалымен айналысып келе жатқанын және жол апаты болатын күні Екатеринбургтен келе жатқанын айтты. Ол шаршаған күйде көлік жүргізіп келе жатқанын, тоқтайтын орын іздегенін жеткізді. Алайда рөлде ұйықтап кетіп, көзі ашылғанда соқтығысқанын баяндады.
Қостанайда ер адам көлік ішінде өзін өртеп жіберді (видео)
Айыпталушы өз кінәсін мойындайтынын, алайда азаматтық талаптарда көрсетілген сомалармен келіспейтінін айтты. Қаза тапқандардың туыстары әрқайсысы 10 миллион теңгеден талап етсе, жүргізуші мен жолаушы 2–2,5 миллион теңге көлемінде өтемақы сұраған. Розақұлов болса, бұл сомаларды толық емес, ішінара өтеуге дайын екенін білдіріп, қаза тапқандардың туыстарына 3 миллион теңгеден, ал зардап шеккендерге 100 мың теңгеден төлеуге әзір екенін мәлімдеді.
Еске салсақ, бұған дейін Қостанай облысында жантүршігерлік жол апатынан бір мезетте үш педагог қаза тапқаны туралы жазған едік.

"Аяқ-қолым мен маңдайымды кесіп кетті": Алматыдағы қонақүйлерде қыз шомылып жатқанда кабина әйнегі сынып кеткен
