Қостанайда тұрғын жүргізуші куәлігінсіз қоғамдық көлік айдап жүрген
Фото: Сюжет кадрларынан скрин
Қостанайда жүргізуші куәлігінсіз автобус айдап жүрген ер адам ұсталды. Ол бес жыл бұрын мас күйінде көлік тізгіндегені үшін куәлігінен айырылған. Алайда соған қарамастан қазір қоғамдық көлік жүргізіп жүр екен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Полицейлер құқық бұзушыны "Қорғау" интеллектуалды бейнабақылау жүйесінің көмегімен анықтаған.
“Жүргізуші көлік құралын жүргізу құқығынсыз басқарғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Қазір бұл іске қатысты материал сотқа жолданды. Автобус эвакуацияланып, арнайы тұраққа қойылды”, – деді Қостанай облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Қуаныш Амиров.
Ер адамға жүргізуші куәлігінсіз көлік басқарғаны үшін 200 000 теңгеге дейін айыппұл немесе 10 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алу жазасы тағайындалуы мүмкін. Сонымен қатар тасымалдаушы компания да жауапкершілікке тартылады. Қоғамдық көлік саласының мамандары кадр тапшылығына қарамастан, жүргізушілерді жұмысқа аларда мұқият тексеретінін айтады.
“Мұндай жағдай болуы мүмкін, яғни жұмыс беруші бұл адамның бұрыннан жұмыс істеп жүргенін біліп, терең тексермеген шығар. Бәлкім ол автобус жүргізіп жүрген кезінде емес, басқа уақытта ұсталған болар. Ол жұмыс берушіге жүргізуші куәлігінен айырылғанын хабарламаған. Қазір "Қорғау" жүйесі өте тиімді жұмыс істеп тұр”, – деді жол полициясының ардагері Юрий Панасенко.
Автоэксперттердің пікірінше, жүргізушілерге кәсіби оқыту мен осы мамандықтың беделін арттыру көптеген мәселелерді шешер еді. Бұл кадр тапшылығының алдын алуға мүмкіндік береді.
“Қазір олар "жүргізуші жетіспейді, сондықтан кімді болса да жұмысқа аламыз" дейді. Меніңше, мәселе оқытудың жоқтығында. Жүргізушілерді жүйелі түрде оқыту мен даярлау қажет. Жүк немесе жолаушы тасымалдауға дайын адамдар саны жетеді”, – деді автоэксперт Алексей Алексеев.

"Екінші Перизат Қайрат": Қазақстандық блогерге алданған 100-ден аса адам 1 миллиард теңгесін қайтара алмай жүр
