Қостанай облысының әкімі жемқорлық ісі бойынша ұсталған орынбасарының сол күні жұмыстан кеткенін айтты

Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет ұстаған орынбасарының сол күні жұмыстан шығарылғанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Tobolinfo.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Әкімнің айтуынша, орынбасары Гүлбарам Мұсағазина ұсталған күні жұмыстан босату туралы өтініш берген.
“Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізілуде. Заңнамаға сәйкес, мемлекеттік органдар тергеу барысына араласуға және оған қандай да бір баға беруге құқылы емес. Барлық мән-жайлар объективті әрі жан-жақты қаралады деп сенемін”, – деді ол.
Еске салсақ, Қостанай облысы әкімінің орынбасары 11 ақпанда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметте жауап алынғаннан кейін ұсталған болатын. Шамамен екі күннен соң тергеу соты оған үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасын тағайындады.
Мұсағазина Қостанай облысының емханалары мен ауруханаларына медициналық жабдықтарды қажеттіліктен артық әрі қымбат бағамен сатып алу бойынша қозғалған "облыстық денсаулық сақтау басқармасы ісі" аясында қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды деген күдікке ілінген.
Тергеудің негізгі фигуранттары – денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы басшысы Данияр Джандаев, оның орынбасары Ерболат Доспанов және Қарасу аудандық ауруханасының бас дәрігері Владимир Голубев. Тергеу олармен өткен жылдың екінші жартысынан бері жұмыс жүргізіп келеді. Оларға да үйқамақ бұлтартпау шарасы қолданылған.
"1,5 келілік сәби жансақтау бөлімінде": Таиландқа демалуға барып, босанып қалған қазақстандық әйел елден көмек сұрады