Қостанай облысында 10-сынып оқушысын соққыға жығу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды
Қостанай облысы Құсмұрын мектебінің оныншы сынып оқушысын соққыға жығу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: scmp.com
Сотқа дейінгі тергеу ҚР Қылмыстық кодексінің 107-бабы "Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтіру" бойынша жүргізілуде.
"6 қазан күні Әулиекөл ауданы Құсмұрын ауылындағы №2 орта мектепте 10 және 11 сыныптың екі оқушысы арасында жанжал шығып, бір оқушы екіншісіне дене жарақатын салған. Сот-медициналық сараптама тағайындалды, оның қорытындысы бойынша соңғы процессуалдық шешім қабылданады. Қажетті тергеу амалдары жүргізілуде, мектеп ішінде орнатылған бейнебақылау камераларының бейнежазбалары тәркіленді", – делінген хабарламада.
Ведомство бұл оқиға кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің, мектеп әкімшілігінің және ювеналдық полиция қызметкерлерінің қатысуымен құқық бұзушылықтың алдын алу кеңесінде қаралғанын хабарлады. Жақын арада жанжалды Әулиекөл ауданы әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандар істері және олардың құқықтарын қорғау комиссиясы реттейтін болады.
Сонымен қатар, сотқа дейінгі тергеп-тексеру аясында мектеп қызметкерлерінің іс-әрекетінде – ҚР Әкімшілік Құқық бұзушылық туралы кодекстің 127-1-бабында "Кәмелетке толмағандар жасаған немесе кәмелетке толмағандарға қатысты құқыққа қарсы іс-әрекеттер туралы хабарламау" бойынша әкімшілік құқық бұзушылық құрамы бар-жоғына құқықтық баға беріледі.
Естеріңізге сала кетейік, жақ сүйегі мен мұрны сынған, миы шайқалған және басқа да жарақаттар алған оныншы сынып оқушысы Қостанай облыстық балалар ауруханасында ем қабылдап жатыр. Ауылдастарының айтуынша, жанжал он бірінші сынып оқушысының одан ақша бопсалауынан болған.