Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
Басты жаңалықтар

Қостанай облысында Jetour X70 Plus көлігінің CKD өндірісі іске қосылды

Қостанай облысына жұмыс сапары аясында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев өңірдегі іргелі кәсіпорындардың қызметімен танысты. Бағдарламаның айрықша нүктелерінің бірі Allur зауытына бару болды, онда министр CKD әдісімен шығарылатын Jetour X70 Plus моделінің сериялық өндірісін ресми түрде бастап берді.

Jetour X70 Plus көлігіне CKD өндірістік желісін іске қосу арқылы Allur басқа модельдерде бұрыннан қолданылған ұсақбөлшекті өндіріс тәжірибесін кеңейтпек. Құрастыру циклінің толық пішімі, оның ішінде шанақты дәнекерлеу мен сырлау локализация деңгейін арттыруға, өндіріс құзыретін нығайтуға және құрастырудың барлық кезеңіне Қазақстан мамандарын белсендірек араластыруға мүмкіндік береді.

X70 Plus көлігі Allur платформасынан осы форматта шығарылған Jetour брендінің алғашқы моделі болды. Жаңа желінің өндірістік қуаты жылына 15 000 көлік шығаруға дейін жетеді. Жобаны жүзеге асыруға 1000-нан астам қызметкер тартылмақ. Бұл аймақтағы адамдардың жұмысқа орналасып, құзыреттілігін арттыруына қосымша ынталандыру болады.

Көлік компанияның негізгі өндірістік қуаты шоғырланған Қостанайдағы зауытта құрастырылады. Жылына 125 000 көлікке дейін шығаратын зауытта 3500-ден астам адам жұмыс істейді, ал компания жұмысшыларының жалпы саны 5000 адамнан асады. Allur Қазақстан нарығында жетекші орын алады. Ол еліміздегі автокөлік өндірісінің жалпы көлемінің 61%-ын, ал сатылымның 38%-ын алып отыр.

CKD өндірісін іске қосу Jetour брендінің ішкі нарықтағы позициясы нығаюы аясында жүзеге асырылып отыр. 2025 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша, Jetour 3100-ден астам автокөлік сатылымымен нарықтың 6,62 пайызын алып, Қазақстанда ең көп сатылатын қытайлық бренд болды. Оның ішінде ең танымал модель X70 Plus болды, 726 данасы сатылды.

Allur мен Jetour арасындағы өндірістік кооперацияны дамыту автокөлік өндірісінен асып түседі. 2025 жылдың сәуір айында дүниежүзілік Auto Shanghai көрмесінде тараптар ТМД халықаралық оқу орталығын іске қосу туралы стратегиялық меморандумға қол қойды. Орталық Allur зауытында орналасып, сату және техникалық қызмет көрсету саласындағы мамандарды дайындайтын алаңға айналмақ. Сонымен қатар жоба жыл соңына дейін білім беру моделін көрші елдерге, соның ішінде Өзбекстанға экспорттауды жоспарлап отыр. Онда бұл жоба пилоттық бағдарлама түрінде іске қосылмақ.

Сапар барысында Ерсайын Нағаспаев Индустриалды аймақта салынып жатқан Kia автокөлік зауытына, KamLitKZ кәсіпорнына, TEHNOPARK шағын индустриялық аймағына, AGROMASH зауытына және Қостанай автокөлік колледжіне барды.

Министр сапарды қорытындылай келе автокөлік өнеркәсібін локализациялау деңгейін арттырудың, жаңа өндіріс орындарын уақытылы іске қосып, машина жасау саласы үшін маман даярлаудың маңызды екенін атап өтті. Жоба Индустриялық даму қорының қолдауымен жүзеге асты.

STAN.KZ
Сейсенбі, 13 Мамыр, 2025 11:00
Талқылау