Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қостанай облысында 1500 домбырашы бір уақытта күй тартты

Қостанай облысында ұлттық домбыра күні және Арқалық қаласының туған күніне орай "Домбыраның күмбірі - бар қазақтың бірлігі" аталған мерекелік бағдарлама ұйымдастырылды. 1500-ден астам домбырашы қазақтың белгілі күйлерін орындап, көрермен ықыласына ие болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Салтанатты шарада Қостанай облысы әкімінің орынбасары Ринат Мұхаметқалиев, Арқалық қаласының әкімі Әмірхан Асанов, шара қонағы Қостанай облысының құрметті азаматы Амангелді Садырбековтер мерекелік құттықтауларын арнады. Ұлттық аспапты дәріптеу жолында ерен еңбегімен танылған Арқалық халқына ризашылығын білдіріп, қала әкіміне облыс басшысы Құмар Ақсақаловтың алғыс хаты табыс етілді.

Бірнеше айғы дайындықтың нәтижесінде қала мен ауылдардан түрлі сала өкілдері, студенттер, мектеп оқушыларынан құралған 1500 домбырашы 7 күйді орындап, көрерменді ерекше әсерге бөледі.

Шара қорытындысында мерекелік бағдарламаның өтуіне демеушілік жасаған меценат азаматтар, "Ең жас домбырашы", " Ең қарт домбырашы", "Домбырашылар әулеті" номинацияларының иегерлері мен "1 500 домбыра" шарасының бас дирижеры Бораш Әбеновтер салтанатты түрде марапатталып, қаржылай сыйлықтар табыс етілді.

Ұлттық домбыра күні мен Құрманғазы Сағырбайұлының 205 жылдығына арналып өткізілген "Домбыра - думан" атты аймақтық домбырашылар байқауының гала концерті көрермен назарына ұсынылды.

Демеушілердің көмегімен Қуандық Рахым, Шаһаризат Сейдахмет, Аргоня, Бақытжан Желдербаев, Динара Жаңабергенова сынды эстрада жұлдыздарының қатысуымен концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, көрерменнің мерекелік көңіл - күйін еселеді.
Шара соңы отшашуға ұласты!

“Иә, қаламызда ұлттық құндылығымыз, домбырамызды ұлықтаған мереке жоғары деңгейде өткендігі халықтың қошеметінен, соңына дейін бізбен бірге болғанынан көрініп тұрды. Бес сағат бойы тапжылмай отыруы өнерге деген құрметтері деп білемін. Мереке құтты болсын, лайым Арқалығымыздың абыройы арта берсін!”, “Арқалықтың көгінде күй күмбірлеп, ән қалықтаған керемет кеш болды. Ұйымдастырушыларға көөөп рақмет!”, – деп тұрғындар әлеуметтікжеліде ұйымдастырушыларға алғысын білдірді. 

 

Талқылау