Қоспаев тобының ісінде Бауыржан Байбектің әкесінің есімі аталды
Фото: ia-centr
Елдос Қоспаевтың ұйымдасқан тобы 2019 жылдың сәуір айынан 2020 жылдың желтоқсан айына дейін "AV-Construction" ЖШС атынан Бауыржан Байбектің әкесі Қыдырғали Байбекке Алматы қаласындағы Қаппаров көшесіндегі үш нысанды сатқан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Telegram-дағы Nege.Aqsha арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
"Д.Абижанов, Т.Танашев және Р.Бабаев ұйымдасқан топтың басшысы Қоспаевпен және басқа адамдармен келісе отырып, өздеріне сеніп тапсырылған, пайдалануға берілген және салынып жатқан жылжымайтын мүлік нысандарын Алматы қаласының экс-әкімі Бауыржан Байбектің әкесі Қыдырғали Байбектің пайдасына өз құнынан төмен бағаға сату туралы шешім қабылдаған, яғни кәсіпорын мен мүліктің заңды иелеріне зиянын келтірген.
Осыдан кейін Д.Абижанов, Т.Танашев және Р.Бабаев Е.Қоспаевпен және Қ.Байбектің мүддесін көздейтін басқа тұлғамен келісе отырып, Б.Байбектің туысы Қ.Байбектің пайдасына сату арқылы жымқыру үшін таңдап алған 3 нысанның құнын анықтаған. Оның құны бір шаршы метріне 230 мың теңгеден 425 миллион теңгеге дейін бағаланған, яғни құрылыстың өз құнынан айтарлықтай төмен”, – делінген іс материалдарында.
Аумағы 114,7 м² болатын пәтер оған 43,5 млн теңгеге сатылған, ал жалпы аумағы 220 м² болатын екі тұрғын емес үй-жай 50,2 және 40,4 млн теңгеге сатылған.
Қыдырғали Байбек Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге оқыған, Елдос Қоспаевты экс-президенттің інісі, марқұм Болат Назарбаевтың "оң қолы" деп атайды. Бұл топтың ісінде Болат Назарбаев есімі жиі айтылады, бірақ айыптаушы тарап Қоспаев оның есімін басқаларды қорқытып-үркіту үшін пайдаланған деп есептейді.
"2016 жылдың қазан айынан бастап Е.А.Қоспаев Қазақстан Республикасы тұңғыш президентінің інісі, "BN Invest" қаржы-өнеркәсіп холдингі" ЖШС басшысы Назарбаев Болат Әбішұлының сеніміне қиянат жасай отырып, оның есімін баю үшін пайдакүнемдік мақсатта пайдаланған", – делінген сот үкімінде.
Еске салсақ, Ббиыл Елдос Қоспаев тобының мүшелеріне үкім шығарылды, Қоспаев ең ұзақ жаза – 15 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал бауырлары Айдос пен Айбек 12 жылдан арқалады. Олармен бірге тағы тоғыз адам сотқа тартылып, әрқайсы 9 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылды. ҚМА мәліметінше, қылмыстық топ кәсіпкерлердің мүлкін, компаниялардағы үлестерін тартып алып, көлеңкелі бизнеспен айналысқан.

"Әпшу" сұрайды, омырауын береді, шашын алып тастайды": Қазақстандықтар балаларының жеке шекарасының бұзылып жатқанына шағымданды
