Қосымша шәкіртақы төленеді: Қазақстанда университет оқытушыларының жалақысы қалай көтеріледі
Қазақстандағы жоғары оқу орындары оқытушыларының жалақысы оқу орнына қарай орта есеппен 160,7 мыңнан 350 мың теңгеге дейін көтерілді. Енді олардың жетістіктері үшін төленетін қосымша төлемдер де өспек. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: gencraft.com / жасанды интеллект көмегімен жасалған
Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, 2024 жылдың екінші тоқсанында Қазақстанның білім саласындағы орташа атаулы жалақы 346 635 теңгеге жетті. Мамандыққа және аймаққа байланысты көрсеткіш айтарлықтай өзгеруі мүмкін. Мысалы, жоғары оқу орындарының оқытушылары үшін республикалық орташа көрсеткіш 393 041 теңгеге тең.
Алайда білім беру қызметкерлерінің жалақысы кейінгі бірнеше жылда жоспарлы түрде өссе де, республикалық орташа деңгейден әлі де артта қалып отыр. Дегенмен саладағы жалақының өсуі жалғасатынын атап өткен жөн.
Министрліктің дерегіне сенсек, жоғары білім мен ғылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында ғылыми ұйымдар қызметкерлерінің жалақысы бірінші жылы 18% өсті. Биыл да өсім 18%-ға жетсе, 2025 жылдың қаңтарынан бастап тағы 17%-ға арттыру жоспарланып отыр. Бұл ретте ЖОО-ның профессорлық-оқытушылық құрамының жалақысы 160,7 мыңнан 350 мың теңгеге, ал ұлттық жоғары оқу орындарында 228,8 мыңнан 400 мың теңгеге дейін артты.
Бұдан бөлек әртүрлі жетістіктері мен ғылыми дәрежелері үшін: философия докторы (PhD), ғылым докторы, ғылым кандидаты ғылыми дәрежесі және доцент (доцент) ғылыми атағы үшін – 25 АЕК (92 300 теңге) оқытушылардың жалақысына қосымша ақы төленеді. Ал ғылым докторы ғылыми дәрежесі және доцент (доцент) ғылыми атағы үшін – 42 АЕК (155 064 теңге), философия докторы (PhD), ғылым докторы, ғылым кандидаты, ғылым докторы ғылыми дәрежесі және профессор ғылыми атағы үшін – 50 АЕК (184 600 теңге) берілмек.
Негізгі жұмыс орнында ғылыми-зерттеу қызметімен айналысатын ғалымдарға да дәл осындай қосымша ақы төленетінін айта кеткен жөн. Бұл ретте 40 жасқа толмаған жас ғалымдар жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының эндаумент қорының инвестициялық кірістерінен алынған қаражат есебінен шәкіртақы ала алады.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда профессор атағы үшін 60 мың теңге, доцент үшін 30 мың теңге қосымша үстемақы төлеу ұсынылғанын жазған едік. Енді елімізде ғалымдар үшін жаңа үстемақы енгізіледі. Мәжіліс отырысында депутат Асхат Аймағамбетов ғылым және білім саласындағы заңнаманы жетілдіру бойынша заң жобасы таныстырылымында профессор немесе доцент сияқты ғылыми атақтары бар қызметкерлердің жалақысына қосымша ақы беру бастамасын көтерді.