Қосылған құн салығының көтерілуі баға мен инфляцияның өсуіне алып келеді – Вице-премьер Серік Жұманғарин
Премьер-министрдің орынбасары, ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин брифинг барысында қосылған құн салығы (әрі қарай ҚҚҰ) әсерінен тауар құнының өсуі мүмкін екенін жеткізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Freepik.com
Жұманғариннің айтуынша, ҚҚҰ салдарынан бағаның өсуі мүмкін екенін жоққа шығармай, қанша пайыз артатынын да болжады.
“Шамамен 4,5% өседі. ҚҚҰ артуы есебінен түскен қосымша қаржы шынайы секторға жұмсалуы керек. Бұл – күрделі экономика, бұл – қарапайым заттар экономикасы. Бірақ қазақстандық бизнес бәсекеге қабілетті болмақ. Себебі ставка реттеледі, ал қайтарымы экспорт есебінен өседі”, – деді Серік Жұманғарин.
Ал инфляция деңгейінің артуы уақытша құбылыс болады деп сендірді.
Еске салайық, бұған дейін Серік Жұманғарин қосылған құн салығымен қоса жалақы, жәрдемақы мен зейнетақы да өседі деген еді.
“Егер реформа жүзеге асырылса, сөзсіз, атаулы әлеуметтік көмек өседі. Көмек алатын барлық азаматты қамтимыз. Барлық бюджет қызметкерлерінің жалақысы мен зейнетақысын индекстейміз. Басты идея реформа табысы төмен азаматтарға әсер етпеуі керек. Мұндай мақсат үнемі біздің алдымызда тұрады. Сондықтан бұған байыппен қараймыз”, – деді Жұманғарин.