Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қосылған құн салығының қанша пайыз өсетіні әлі белгісіз – Вице-премьер Серік Жұманғарин

Премьер-министрдің орынбасары, ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин қосылған құн салығының қанша пайызға дейін өсетіні әлі талқыланып жатқанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

салық сток

Фото: pixabay.com

Серік Жұманғариннің сөзінше, 20%-дық қосылған құн салығы әлемде кең тараған.

"Әзірге нақты қанша пайыз болатынын нақтыламадық. Бізде жетекші экономистер, елдегі салық мамандарынан тұратын кеңесшілер бар. Олар стресс-тест пен түрлі есептеулер жүргізеді. Бүгінде Ұлттық банктің макрофинанстық модельдері базасында бірнеше есептеу жүргізілді. Әлі есептеулер жүріп жатыр. Сондықтан үкімет нақты шешім қабылдады және ставка белгіленді деп айтудың қажеті жоқ", – дейді Серік Жұманғарин.

Сондай-ақ вице-премьер Қазақстанда реформа қажет екенін айта келе, қосылған құн салығының көтерілетінін растады. 

"Мемлекет өз қызметін орындауы керек: әлеуметтік және мемлекеттің жұмыс қабілетіне байланысты қызметтері. Егер мемлекет салық жинамаса, бұл қызметтерді қалай атқарады? Меніңше, бұл – айқын дүние. Қосылған құн салығын көтереміз. Ставкасы әлі талқыланып жатыр", – дейді ол.

Вице-премьердің айтуынша, қосылған құн салығының жаңа ставкасы 15-20 ақпанға дейін белгіленеді деп жоспарланып отыр.  

Талқылау