Қазақстанда қосылған құн салығы өссе тұрғын үй бағасы қалай өзгереді
Ұлттық экономика вице-министрі Арман Қасенов елде қосылған құн салығы көтерілсе, тұрғын үй бағасы қалай өзгеретініне қатысты болжамын бөлісті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: pixabay.com
Арман Қасенов тұрғын үй құнына қатысты “әр досы” сұрайтынын айтады.
“Шынымды айтсам, баспана құны қалай болатынын білмеймін. Бұған өте көп фактор әсер етеді. Сіз қазір мұны доллар бағамымен байланыстырып отырсыз. Егер кейінгі 15 жылдағы тарихи деректерге көз жүгіртсек, жылжымайтын мүлік “доллар” емес, “теңгеге тәуелді” тауар екенін көреміз. Сәйкесінше, тұрғын үй бағасы көбірек теңгеге байланысты деген сөз. Мұндай зерттеуді әр адам жасай алады. Егер доллар өсіп, сатушылар үйдің құнын доллар бағамымен теңестірсе, уақыт өте бастапқы бағасына қайта оралады. Баспана – теңге активі, табысы да теңгемен есептеледі”, – деді Арман Қасенов.
Арман Қасеновтің айтуынша, жаңа өзгерістерге сәйкес қосылған құн салығы жаңа үйлер нарығын “айналып өтпек”.
“Қосылған құн салығы жаңа пәтерлерге салынбайды. Мұнда басқа механизм немесе басқа салық түрі енгізілуі мүмкін. Қосылған құн салығы салынатын барлық тауарлардың құны салықтың өзгеруіне байланысты қымбаттайды. Бірақ бұл қысқамерзімді, бір реттік әсер болмақ. Инфляция деңгейі 3-3,5% көтеріледі. Осылайша қосылған құн салығы салынатын барлық тауарға әсер етеді”, – деп қосты ол.