Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қосылған құн салығы өскеннен кейін 2026 жылы теңге құлдырай ма": Ұлттық банк басшысы жауап берді

ақша

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов алда уақытта күтілетін қосылған құн салығының өсімі теңге бағамына айтарлықтай ықпал етпейтінін және 2026 жылы күрт құбы күтілмейтінін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Базалық мөлшерлеме бойынша шешімге арналған Ұлттық банктің брифингінде Сүлейменов бір жағынан, ҚҚС-тың алдағы өсіміне байланысты импортталатын тауарларға сұраныс артып жатқанын, ал импорттаушылар долларға сұранысты жоғары деңгейде ұстап тұрғанын айтты.

Екінші жағынан, базалық мөлшерлемені 18 пайызға дейін көтергеннен кейін Ұлттық банк халықаралық инвесторлар үшін теңгемен көрсетілген қаржы құралдарын тартымды еткен. Инвесторлар теңгеде көрсетілген бағалы қағаздарды сатып алып, экономикаға доллар әкеліп жатыр. Сүлейменовтің айтуынша, ұлттық валютаның қазіргі нығаюының себебі де осы.

Айта кетейік, 27 қарашада Қазақстан қор биржасындағы сауда-саттық бойынша 1 доллар  516,2 теңге болып тұр.

2026 жылы ҚҚС өсімінің доллар бағамына әсерін түсіндіре отырып, Ұлттық банк төрағасы теңге бағамы көбіне сыртқы факторларға байланысты екенін айтты.

"Сыртқы факторларға келсек, жалпы алғанда, макроорта біз үшін айтарлықтай өзгермейді. Үкімет барреліне 60 доллар мұнай бағасын негізге алып отыр, біз де оны болжамның негізгі факторы ретінде ескереміз. Қосымша елеулі өзгерістерді байқап отырған жоқпыз, тиісінше бағамда қандай да бір күрт өзгерісті күтпейміз", -  деді Сүлейменов.

Айта кетейік, бұған дейін Ұлттық банк басшысы қосылған құн салығының көтерілуі Қазақстандағы бағаға қазірдің өзінде ықпал етіп жатқанын айтқан еді.

Рая Мінәп
Жұма, 28 Қараша, 2025 15:42