Қосылған құн салығы барлық компания үшін 20% болмайды – Ұлттық экономика министрі
Премьер-министрдің орынбасары, ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мен қаржы министрі Мәди Тақиев қосымша құн салығын 20%-ға дейін арттыру және тіркеу шегін 15 млн теңгеге дейін төмендету туралы жобаға қатысты түсініктеме берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Серік Жұманғарин бірқатар кәсіпорындарға ҚҚС бойынша жеңілдіктер алу мүмкіндігі талқыланып жатқанын айтты. Мысалы ауыл шаруашылығы саласы үшін ҚҚС болмауы мүмкін.
Азық-түлік өндірушілер үшін үш нұсқа талқыланып жатыр: ставканы 12% деңгейінде сақтау, оны 5%-ға дейін төмендету немесе ҚҚС-тан босату. Фармацевтика секторы үшін де ҚҚС 5%-ға дейін төмендеуі мүмкін. Тұрғын үй құрылысы саласында ҚҚС орнына инфрақұрылымдық төлемді енгізу ұсынылып отыр.
"Әзірлеуші компания төлейтін инфрақұрылымдық төлемді енгіземіз. Әзірге инфрақұрылымдық төлемге байланысты шаршы метрі 40 доллардан 60 долларға дейін. Біз жаңа салықтарды ойлап таппаймыз. Қазір баспана класына қарай осыларды талқылап жатырмыз", — деді Жұманғарин.
Ол ҚҚС-ты инфрақұрылымдық алыммен алмастыру туралы ұсынысты кәсіпкерлер жасағанын атап өтті.
"Бұл – жақсы ұсыныс. Ешбір жағдайда ҚҚС қалмайды және алымдар да болады. Мүмкін бұл осы салық пен инфрақұрылымдық төлем үшін нөлдік мөлшерлеме болуы мүмкін. Немесе ҚҚС төмендейді", – деді премьер-министрдің орынбасары.
ҚҚС шегін төмендетуге қатысты Серік Жұманғарин түрлі нұсқалар талқыланып жатқанын, бірақ ең ықтималы қазірдің өзінде жарияланған 15 миллион теңге деңгейінде екенін айтты.
"Маған "бюджет толтырудың басқа көздерін тапсын, салықтық әкімшілендірумен айналысу керек, көлеңкеден шығу керек” дейді, біз мұны істеп жатырмыз. Өткен жылы 1,3 триллион теңгені шығардық. Биыл тағы 2 триллион теңге, салықтық әкімшілендіру арқылы тағы 1 триллион теңгені шығарамыз, десе де бұл әлі жеткіліксіз. Ең алдымен бюджет мәселесін шешу керек. Реформаның мәні де осында", – деді Серік Жұманғарин.
Серік Жұманғарин салықтық-бюджеттік реформадан кейін инфляцияның шарықтап кетуіне жол бермейміз дейді.
"Жеке кірісіміз – 15,6 триллион теңге, біз 25,8 трлн жұмсаймыз. Ал 10 триллионды қайдан алуға болады? Мұны салық әкімшілігімен немесе басқа шаралармен жабу мүмкін емес. Бұл кірісті арттыру керегін көрсетеді. Біз 5,8 триллион қарыз аламыз, ал шын мәнінде барлық несие Ұлттық қордан алынады. Бұл әбден алаңдатарлық жағдай. Осылай қарыз ала беретін болсақ, бір кезде ұлттық қордың жағдайы күрт нашарлайды. Бірақ бұл қор біз үшін емес, болашақ ұрпақ үшін құрылды", – деді Серік Жұманғарин.
Айта кетсек, Қазақстанда қосылған құн салығы 12%-дан 20%-ға дейін көтерілуі мүмкін. 23 қаңтарда премьер-министр Олжас Бектенов жиын өткізіп, экономистер және кәсіпкерлермен бірге жаңа Салық кодексін талқылады. Сол кезде ҚҚС салығын 12%-дан 20%-ға дейін көтеру және қосылған құн салығы бойынша тіркеу шегін жылына 79 миллион теңгеден 15 миллион теңгеге дейін төмендету, әлеуметтік аударымды азайту ұсынылды. Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтің қосылған құн салығының мөлшерлемесін арттыру туралы ұсынысын қолдады.