"Көшетін болсақ үлкен мәселе туындайды": Алматы облысының дәрігерлері аурухананың ауыстырылуына қарсы шықты
Алматы облысында Талғар қаласының дәрігерлері наразылыққа шықты. Жарақат бөлімінің 60-қа жуық қызметкері басшылық бүкіл бір бөлімді Панфилов ауылына көшірмекші дейді. Медицина мамандары қаладан 23 шақырым жерде орналасқан елдімекенге барғылары жоқ. Оның үстіне айлығымыз төмендеп барады деген олар аурухана бастығы ауыспасаңдар жұмыстан шығыңдар деп қорқытқанын айтады. Ал бас дәрігер журналистерге мамандарды ауыстыру тек талқыланып жатқан мәселе деп ақталды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның "Информбюро" бағдарламасына сілтеме жасап.
Жарақат бөлімінің 60-қа жуық маманы бір ауыздан Панфилов ауылына көшуге қарсы. Талғар ауданындағы жалғыз бөлімді одан сайын алыстатудың себебін түсінбейтіндерін айтады. Күніне аяғы сынып, қолы шыққан 10-нан аса адам қабылдаймыз деген дәрігерлер шағын ауылдан қарағанда 200 мыңнан аса тұрғыны бар Талғарға травматология бөлімінің болуы маңызды екенін айтады.
"Панфилов ауылына ауысатын болса бізде мәселе туындайды. Ол жерде гинеколог жоқ мысалы. Педиатор жоқ. Кішкентай балалар түссе педиатор болмаса, гинеколог болмаса не істейміз біз? Ертең адам қайтыс болып кетсе кім жауап береді оған? Бас дәрігер жауап бере ме? Бірден бізді соттайды ғой", - деді жарақат бөлімінің меңгерушісі Ерлан Демеуов.
"Біз бұны бір ай бұрын естіген болатынбыз. Былай сыбыс ретінде айтылған еді. Ал бірақ нақты шешімді кеше естідік", - деп қосты жарақат бөлімінің медбикесі Айгерім Қалибек
Жарақат бөлімінің Панфилов ауылына ауысатынын нақты бейсенбі күні ғана естіген екен. Ал аурухананың бас дәрігері бұйрықтың шықпағанын айтады.
"Өздеріңіз білесіздер, Құлжа тас жолы – республикалық маңызға ие үлкен тас жолдардың бірі. Көп жол апаты сол жерде болады. Бізде сондай ой болды. Бірақ артық әңгіме болмауы үшін ешқандай бұйрық шыққан жоқ", - деп ақталды Талғар аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Хасен Дасибеков.
Наразылыққа шыққан дәрігерлер айлықтарының да мардымсыз екенін айтты. Санитар мамандар 70 мың теңге алса, дәрігерлердің жалақысы 120 мың теңге көлемінде екен. Ауруханаға заманауи құрылғылар алып жатырмыз деген сенімгерлік басқару компаниясының басшысы мәселені қарауға уәде берді. Ішкі тексеріс жүргізіп, ақ халаттылардың арыз-шағымымен жұмыс істейміз деді.

"Ізімнен қалмай, бөксемді ұстады": Елордалық қыз сауда орталығында келеңсіз жайтқа тап болғанын айтты
