Қос тарап ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды
Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев “KAZAKH INVEST” ҰК” АҚ Басқарма төрағасы Сұлтанғали Кенжеқұловпен кездесті. Тараптар шетелдік инвесторларды қолдау және тарту мәселелерін жан-жақты талқылады.
Аймақ басшысы бұл бағытта ауқымды жұмыс атқарылғанын атап өтті. Мәселен, былтыр облыс делегациясы ҚХР-ға 2 рет іссапармен барып, нәтижесінде энергетика, машина жасау, АӨК және басқа салалар бойынша 19 жобаны іске асыру мәселелері жөнінде 11 инвестормен меморандумдар жасалды. Кездесуге ірі инвесторлардың бірі – “Vega Power” компаниясының басшысы да арнайы қатысты.
Инвесторларға қолайлы жағдай қалыптастыру - жергілікті атқарушы органның басым бағыттарының бірі. Қазіргі таңда инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге қатысты мәселелерді шешу жолдарының бірі - индустриялық аймақ аумағында жүзеге асырылатын “Қожетімділік үшін төлем” тетігі. Тың тәсіл инженерлік инфрақұрылымды инвестордың қаражаты есебінен салуды, нысандар пайдалануға берілгеннен кейін индустриялық аймақтың қатысушылары мен мемлекет тарапынан шығындарды кезең-кезеңімен өтеуді көздейді.
Кездесуде облыс әкімдігі мен “KAZAKH INVEST” компаниясы арасындағы өзара ынтымақтастық туралы меморандумға және “Vega Power” холдингінің инвестициялық жобаларын іске асыру бойынша жол картасына қол қойылды.