Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Көру қабілетін 100 пайыз жақсартады: Қазақстандықтар жалған жарнаманың құрбаны болуда

Жалған жарнамаға сенген жұрттың жанарына зақым келуде. Көру қабілетін 100 пайыз жақсартатын дәрі сатып, оңай олжаға кенелмек болғандардың арамза әрекеті жуырда әшкере болған. Алаяқтар еліміздегі көз аурулары институтының атын жамылып, тауарын саудалаған көрінеді. Мұның соңы аңқау жандардың ағзасына кері әсер етіп, сан соқтырып жатқан көрінеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "Еуразия бірінші" арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Алматылық Маржан Испанқұлованың көзінің көруі нашарлағанын 11 жылдың жүзі болған. Елімізді қойып шет елдік мамандардан да көмек сұрапты. Алайда нәтиже шамалы. Сайттардың бірінен көз жанарын 100 пайыз отасыз қайтарады деген дәрінің жарнамасын көзі шалып қалып, оны алған. 

"Екі жылдың көлемінде қайтадан кішкене ауыратын болып, анда-санда келіп тұрамыз. Осы бір жаңа препарат шықты дегеннен кейін соны сұрауға, ақыл-кеңес алуға келдім", - дейді қала тұрғыны Маржан Испанқұлова.

Жарнамасы жер жарған ресейлік препататты сатып алғысы келетіндер қатары көп. Олардың дені Көз аурулары институтына келіп, дәрігерлерден кеңес сұрайды екен. Ол препарат елімізде ресми тіркеуден өтпепті. Әлі зерттелмегендіктен мамандар бағасы 40 мың теңге түратын дәріні алмауға шақыруда. 

"Осы жарнама шығып жатыр. Кім шығарғанын білмейміз. Ондай дәрі біздің институтта болған жоқ. Оны зерттеген жоқпыз. Науқастарға ұсынбаймыз оны", - деді Қазақ көз аурулары ғылыми-зерттеу институтының қызметкері Алмитра Бұлғақов.

Өз кезегінде, арна тілшілері препаратты өндіруші компанияға хабарласып, оның әсері туралы сұраған. Өкілдің айтуынша, ол дәрілік препарат емес екен. Оның көз жанарын қайтаратындай күші де, әсері жоқ екенін растады. 

"Бұл біріншіден дәрі емес, фито өнім. Көз тамшылары дәрілік препарат болып табылмайды. Негізгі емге қосымша ретінде жүреді. Дәрілік препараттар тізімінде жоқ. Өткізумен біз айналыспаймыз", - деді фармацевтикалық компанияның өкілі Татьяна.

Ал дәріні жарнамалаушылар оның көз жанарын толығымен қайтаратынын айтады. Алайда, Көз аурулары ғылыми зерттеу институтының басшылығы оны қасақана қолдандырмай отыр деген ақпараттар таратып келеді. Бұған иланған жандар интитутқа келіп, сатуды талап етіп жатыр. Ал ондағы мамандар дәрігерлердің кеңесінсіз күмәнді көз тамшыларын алмауға кеңес береді.

Талқылау