"Қоршаған ортаны қорғайтын прокурор айналаны бүлдіріп жүр": Желіде көшеде мас күйде жүрген қазақстандық шенеуніктің видеосы таралды
Facebook әлеуметтік желісінің қолданушысы Айболат Бөкенов Батыс Қазақстан облысының мамандандырылған табиғатты қорғау прокуроры Абылай Бисқалиевтің күндіз мас күйінде қала көшелерін кезіп жүргені түсірілген видео жариялады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Видеодан скрин
Жазба авторы бұл оқиғаның жергілікті тұрғындар мен жұртшылық арасында дау тудырғанын жазды.
“Табиғатты қорғау прокуроры Абылай Бисқалиев осылай тұр. Видеода көргендеріңіздей өз өзіне ие бола алмай қалған секілді. Қоршаған ортаны қорғайтын прокурордың өзі қоршаған ортаны бүлдіріп жүрсе айтарға сөз жоқ. Халыққа өзі үлгі болудың орнына, мынаның жасап жүрген ісі ұятқой”, – деп жазды ол.
Сондай-ақ ол бұл мінез-құлық оның кәсіби беделіне күмән келтіретінін айтты.
"Бұл мінез-құлық оның кәсіби беделіне күмән келтіріп қана қоймайды, Қазақстанның заңнамасын елемейтінін көрсетеді. Прокурор бірнеше рет заңды бұзды. Бұл әрекеті оның құзыреті мен этикасына қатысты күрделі сұрақтар туғызады", – деп жазды Бөкенов.
Ал, Батыс Қазақстан облыстық прокуратура Абылай Бисқалиевке қатысты қызметтік тексеріс басталғанын хабарлады. Оның нәтижесін халыққа жеткізуге уәде берді.
Айта кетейік, бұған дейін Мәслихаттың кезектен тыс XIV сессиясында эколог Тимур Елеусізов баяндама оқып жатып, қиын сын есімді бірден оқи алмай, аузынан боғауыз сөз шығып кеткені туралы жазған едік.