Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Коронавирустан емделгенін Egov-тан білген: Медициналық сақтандыру қоры оқиғаны түсіндірді

Желі қолданушысы Egov парақшасына кіріп өзінің коронавируспен ауырып, емханада жатқанын білген. Медициналық сақтандыру қоры әлеуметтік желіде шу тудырған жарияланымға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Алматы тұрғыны Евгений Мұхамеджанов электронды үкімет порталында өзінің карантиндік стационарға жатып-шыққаны туралы мәліметті көріп, Фейсбук әлеуметтік желісінде пост жариялаған болатын.

Айтуынша, азамат жұбайы екеуі ковидпен ауырмаған және 2021 жылдың қаңтар айында ешбір ем қабылдамаған. Алайда Egov парақшаларында ауруханаға жатып шыққандары, коронавируспен ауырғандары туралы деректер келтірілген. 

"Медициналық сақтандыру қоры аталған шағым негізінде жан-жақты сараптама жүргізді. Ақпараттық жүйелердегі дерекке сүйенсек, 24-қаңтарда шетелден келген Евгений Мұқамеджанов пен оның жұбайы "Астана Интер Отель» қонақ үйіне орналастырылып, COVID-19 инфекциясына тест тапсырған. ҚР Бас санитарлық дәрігерінің 2020 жылы 23-қазандағы қаулысы бойынша, шетелден келген азаматтар COVID-19 инфекциясына ПЦР-анализ тапсырмаған болса, 2 тәулікке дейін карантиндік стационарға жатқызылуы тиіс. Мұқамеджановтар да осы тәртіп бойынша карантинге жатқызылған, бұл қызмет ақпараттық жүйеге "Ауруға күдік туындауына байланысты бақылау жүргізу" деген атаумен енгізілген", - деп хабарлады медициналық сақтандыру қорының баспасөз қызметі. 

Медициналық сақтандыру қорының мәліметінше, ақпараттар жүйеге кеш енгізілгендіктен бірқатар түсініспеушіліктер орын алған. 

"Сараптама барысында шағымданушының карантиндік стационарға жатқызылғаны расталды. Оған қоса, шетелден оралған азаматтарды орналастырумен айналысқан медицина ұйымы тиісті деректерді ақпараттық жүйеге кеш енгізген. Бұл мәселе қоғамдық денсаулық басқармасына хабарланды, алдағы уақытта жауапты мамандарға шара қолданылуы тиіс", - дейді әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының баспасөз қызметі. 

Талқылау