Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Коронавирус жұқтырған Орал қаласының тұрғыны: Мен қылмыскер емеспін, бірақ бәрі мені сөгіп жатыр

Батыс Қазақстан облысының "Мой город"  ақпараттық порталының штаттан тыс қызметкерінің коронавирус жұқтырғаны белгілі болды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

коронавирус

Әлия есімді қызметкер Оралда жұмыс істейді, сонымен қатар Атырауда клиенттерге жетекшілік етеді.

24 наурыз күні Әлия жеке көлігімен Оралдан Атырауға барған, 27 наурыз күні үйіне қайта оралған.

"28 наурыз күні таңертең температурам күрт көтеріліп, әлсіздік пайда болды. Бұл коронавирустың ықтимал белгілерінің бірі екенін және вирусты Атырауда жұқтыруым мүмкін екенін түсініп, мен өзім 1406-ға қоңырау шалып, денсаулық жағдайым туралы айтып бердім. Маған 103-ке қоңырау шалыңыз деді. Мен дәл солай жасадым, операторға ешкіммен байланыспай, өзім жеке көлігіммен келе алатынымды түсіндірдім. Олар маған "Кумыскаға" (бұрынғы туберкулезбен ауыратындарға арналған санаторияда уақытша емхана ашылған) баруымды айтты. Келгеннен кейін олар менен бірден сынама алды, ал бүгін таңертең коронавирус расталғанын айтты", - деді Әлия.

Әлия аталған жаңалықтан әлі де "есін" жия алар емес. Жағдай оның жеке деректерінің жария етілуімен шиеленісе түсті.

"Түскі уақытта туыстарым, достарым, әріптестерім және клиенттерім маған қоңырау шала бастады. Бәрі білген, содан кейін олар маған барлық мәліметтерім көрсетілген осы хабарламаны жіберді. Оларды неге таратады? Мұны кім жасады? Мен саналы адам ретінде, аурудың белгілерін біле тұра, өзім көмек сұрадым, ал біреу жай ғана алып, тарата салды. Маған Атырау облысының денсаулық сақтау басқармасынан қоңырау шалды, мен байланысқан адамдарымның мәліметтерін бердім, ал облыстық денсаулық сақтау басқармасында сыпайы түрде сұралатындарын айтты, енді қазір маған жарнама берушілер қоңырау шалып, менің кесірімнен оларды "тергеп" жатқанын айтты. Бұл дұрыс па? Мен де біреуден жұқтырдым ғой", - дейді Әлия.

"Мен қылмыскер емеспін, заңды бұзған жоқпын, мен бүкіл әлемде жүрген вирусты жұқтырдым. Бұл індет кезінде болады. Бірақ қазір бәрі мені сөгіп жатыр. Атыраудан мен коронавирусты жұқтыру жағдайлары пайда болғанын білгеннен кейін бірден қайтып оралдым, жолдар ашық болды,мен блок-посттар арқылы өттім", - деп налыды ол.

Сонымен қатар, редакцияға серіктес жарнама берушілерден қоңыраулар түсіп жатыр екен. Өз кезегінде, редакция Әлияның Атыраудан Оралға 27 наурызда қайтып оралғанын және әріптестерінің ешқайсысымен байланыспағанын ресми түрде мәлімдеді. Әлия редакцияда соңғы рет ол 20 наурызда болған.

"Мен жеке деректерімді мессенджерлерге таратқандарға қатысты қылмыстық іс қозғау үшін прокуратураға өтініш білдіргім келеді", - деп мәлімдеді Әлия.

"МГ" редакциясы Әлияның ұстанымын қолдайды. Осы қысқа сұхбатқа Әлия оның диагнозы бойынша көптеген қоңыраулардан кейін келіскен. Ақпараттың таралуы Әлия мен оның отбасына елеулі зиян келтірген.

"Біз билікті дәрігерлік құпияны таратуға кінәлілерді тауып, жазалауға шақырамыз", - деп жазды ақпараттық портал.

Талқылау