Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Қорқытып ұстады”: West Oil қызметкері Жетібайдағы ереуілге шақырған топтың болғанын айтты

Маңғыстауда ереуілге шыққан West Oil компаниясының наразы жүргізушілерінің орнына жұмыссыз азаматтар жұмысқа орналасуға дайын екенін мәлімдеді. Қазіргі уақытта жүзден астам қызметкер жұмыс орнына оралған. Солардың бірі сұхбат беріп, оқиғаның мән-жайын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды Lada.kz басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото видеодан алынған

Сұхбат берушінің айтуынша, қазір наразылыққа шығудан бас тартқандар қысымға ұшырауда. Жұмысшыларды әлдекімдер алдап, уәде беріп алаңға шығарған көрінеді.

"Елу күннен артық тұрдым. Ештеңе шешілмеді. Адамдарды сол жерде алдап, әлденені жасырғандай көрінді. Содан кейін ешкімді тыңдамай жұмысқа шықтым. Ол жерде белсенділер бар, күнде бір өтірігімен бәрін тойдырып жүреді. Нақты пәлен адам деп айта алмаймын. Жобамен 10 шақты адам бар. Қазір жобамен 110 адам жұмысқа шықты, одан басқа үйінде отырып, жұмысқа келмей отырған адамдар бар. Жобалап айтсам, 150-200 адам бар болуы керек”, – дейді ол. 

Жүргізуші жұмысқа шығудан басқа амал қалмағанын айтады. 

"Негізінен олар 14 қарашада шығатынымызды айтты. Бірақ біз 11 желтоқсаннан бастап алаңда тұрдық. Ол жағын өзім қатты білмеймін. Бірге жұмыс істеген соң көппен бірге біз де қалмай шықтық. Көпшілікпен бірге сол жерде тұрдым. Өтіріктің көп болғаны сонша, ең соңында жұмысқа қайта шығудан басқа жол жоғын түсіндім. Солай істегенде ғана бәрі дұрыс боларын ұқтым. Әлі күнге дейін көпшілігі сол жерде. Адамдарды алдап алаңда ұстап отыр.

Белсенділер ереуілшілерді компания басшылығын орнынан алып, басшылыққа өзіміз келеміз деп сендірген. 

"Бүгін 23 ақпан болса, 1 наурызға дейін бәрі шешіледі. Күтейік, Аз ғана қалды, анау-мынау дейді. Қысқасы, алдай береді. Иә, олар бәрімізді "ҚазМұнайГазға" алады. Яғни, "Маңғыстаумұнайгаздың" транспорттық компаниясы боламыз дейді. Қалай айтылатын еді? ОТК - сол жаққа бәрімізді алады дегенді айтады. Олардың нақты қандай ойда екенін айта алмаймын. Бұған дейін бір компания болатыны туралы қаңқу тарады. Альянс деді ме екен. Олар West Oil компаниясының орнын басып, әлгі белсенділер сол жердегі басшылық қызметтен үмітті болды. Біреуі директор, екіншісі орынбасары болады”, – дейді ол.

Ол белсенділерге әлдекімдердің арнайы сауатты мәтін жазып көмектескенін айтады. Сонымен қатар, ереуілге шықпаймыз дегендердің көліктерін тартып алып, қорқытқан жағдайлар да болыпты. 

"Ол жерде тек 7-8 белсенді емес. Олардың командасы бар. Біз білмейтін адамдар. Мен бейнеүндеулердің мәтіндерін кім жазатынын нақты білмеймін, бірақ ереуілшілер ішінде мұндай сөздерді жазатын сауатты адамдар жоқ. Мәтіндерді біреу жазып жібереді, олар жай ғана оқып отырады. Ол жерде белсенділердің барлығы түрлі Күштердің қолдауына ие сияқты. "Өзенмұнайгаз" БЖБ-ның жігіттері бір рет келді, оны барлығы бейнежазбадан көрген шығар. Олар басында келді. Қазір ешкім бұлай қолдау көрсетпейді. Алғашқы 20-30 күн бой келіп жүрді. Қазір ешкім келмейді де. Олар жұмысқа оралғысы келетіндердің көліктерінің кілттерін алып алады. Олар үйге бар, бірақ машинаның кілтін қалдырып кет дейді. Олар көбінесе кілттерін тартып алатын. Және мұны ешкімге жымын білдірмей жасайды. Белсенділер "ағайын, көлікті бізге қалдырыңыздар, біздің ұйықтауымыз керек. Сіздер таңертең бәрібір ораласыздар", дейді”, – деп түсіндірді ол. 

Жұмысына қайта орылған жұмысшы уақыт жоғалтқанына өкінетінін айтып, алаңдағы белсенділердің атын атады. 

"Сәкен есімді белсенді оқыды. Тана деген тағы бар. Тағы Қуаныш деген белсенді оқып жүрді. Бірақ Қуанышты беделді дей алмаймын. Ал Сәкен ол өте ықпалды. Олар сол жерде түнеп жүр. Мен сол жерде 50 күннен артық тұрдым. Егер ештеңе шешілмейтінін басында білсем, ол жерде тұрмас едім. Өкінемін расымен”, – дейді ол.

Жұмысқа шықпаған уақыт аралығында жалақы ала алмай, қарызданып қалғанын, отбасы үшін жұмысқа орылуының үлкен қуаныш болғанын айтты. Сондай-ақ алаңда райынан қайтпай тұрған жұмысшылардың әрекетін "сасық көкіректік” деп атады. 

"Қарызға батып, біреуден ақша алуға тура келді. Жағдай нашарлады, жалпы. Қазір менің жалақым бұрынғыдай, өзгеріс жоқ, сол мекемедемін. Бәрі бұрынғыдай болды. Жұмысымды жалғастырып жатырмын. Ең бастысы отбасым қуануда. Өзім де айлық алам, қарызымды төлеймін деп іштей өзіме қайта оралғаныма риза боп жүрмін. Басқалар да жұмысқа оралуы керек. Себебі, барлығының балалары, отбасы бар. Кредиті бар дегендей. Негізі жұмыстарына қайта оралғысы келетіндер баршылық, бірақ олар басқалардың алдында ұят болады деп әлі тұр. Баяғы сасық көкіректік қой, басқа дымда емес”, – дейді жұмысшы. 

“Олар, ереуілшілер, түбінде жеңіске жете ме деп ойлайды. Маған да баста солай айтты. Бірақ мен сенгем жоқ, тыңдамай жұмысқа шықтым. Неше түрлі айтады, әйелдің киімін киіп жүріңдер, юбка киіңдер деп келемеждегендер болды. Тек жалпыға ортақ тамақ алынды. Бұл ақша жинаумен белсенділер айналысты. Мүмкін, өздерінің несиесін жапқан шығар”, – дейді ол. 

Жұмысшының айтуынша, алаңдағы жұмысшыларды қолдау мақсатында халықтан қомақты қаржы да жиналған.

"Ақша жинаумен белсенділер айналысты. Мүмкін, өздерінің несиесін жапқан шығар. Кім біледі?! Ол жерде 20 миллион теңгедей ақша жиналды. Мекемелер, компаниялар 100, 600 мыңдап ақша жіберді. Ешкімге ештеңе бермеді. Ортақ касса болды. Оған бір адам жауапты болды. Одан барлығы азық-түлікке, басқа да шығыстарға ақша алды. Белсенділер де жеке бастарына ақша алды деп ойлаймын. Өз қажеттіліктері үшін. Әйтпесе олар несиесін қалай төлейді?  Ой, әсер етпейді. Басында жұмыстан шығарылған 18 адам өздерін лидер санап жүр. Олар бізді жұмыстан шығарса да біз осында тұрмыз, басқаларға қолдау көрсетеміз дейді”, – дейді жұмысшы. 

Сұхбат беруші West Oil-де жұмыс істегісі келетін жұмыссыздардың бос орындарға орналақысы келетіндерін айтқан бейнеүндеулеріне ереуілшілердің қандай жауап бергенін де айтып өтті. 

"Мұндай бейнеүндеуді бірінші болып Жетібайдан келген жұмыссыз жігіттер жазған екен. Ереуілде тұрған жігіттер 5-6 көлікке мініп алып, сол жігіттердің үйіне барып қорқытыпты. Ол жігіттер жүмысқа тұрғысы келетіндерін ашық айтыпты. Жігіттер дұрыс жасады. Қанша адам жұмыссыз жүр. Не өздері шықпайды, не басқаға орын бермейді, түсінбеймін”, – дейді жұмысшы.

Талқылау