Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қорғаныс министрлігі желіде тараған даулы видеоға қатысты қызметтік тексеріс бастады

видеоВидеодан скрин

Қорғаныс министрлігі Қызылорда облысында түсірілді делінген онлайн-кеңестің даулы видеосына қатысты қызметтік тексеріс бастағанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Әлеуметтік желілерде бір топ әскери қызметкердің қатысуымен өткен кеңестің видеосы тарады. Видео авторлары оқиға Қызылорда облысында болғанын айтады. Кадрларда жергілікті әскери басқару органының басшысы өзінің бағыныштысына этика нормаларын бұзып дөрекі сөйлеп, ескерту жасағаны байқалады.

Қорғаныс министрлігі бейнежазбаның 2025 жылғы 9 маусымда Қызылорда облысындағы жергілікті әскери басқару органдарының қатысуымен өткен ішкі онлайн-кеңесте түсірілгенін растады.

"Кеңес барысында облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінің басшысы қызметтік міндеттерін тиісті деңгейде орындамағаны үшін қоластындағыларға ескерту жасаған. Алайда бұл ретте этикалық нормаларды сақтамаған. Аталған факті бойынша қызметтік тексеріс тағайындалды. Оның нәтижелері бойынша құқықтық баға берілетін болады", – делінген министрлік таратқан ресми хабарламада.

Еске салайық, осыған ұқсас жағдай 2025 жылдың жазында "Қазақстан темір жолы" компаниясында да болған еді. Әлеуметтік желілерде басшының қызметкерлеріне бейәдеп сөздер айтып, қатқыл сөйлегені түсірілген видео тараған. Бұл жағдай қоғамда қызу талқыға түсіп, біреулер сынға оны алса, енді біреулер қолдаған болатын.

Кейінірек бейнежазбаға түскен "ҚТЖ – Жүк тасымалдары" ЖШС-нің локомотив шаруашылығы жөніндегі бұрынғы бас директорының орынбасары Асан Өмбетов пікір білдіріп, бұл оқиға оның өмірінде үлкен сабақ болғанын айтқан.

Сондай-ақ, Қазақстанның Туризм және спорт министрлігі Өскемендегі спорт шенеуніктері арасындағы Zoom-байланыс кезінде түсірілген даулы видеоға қатысты пікір білдірген болатын. Министрлік спортшылардың өз көзқарасын білдіруге құқығы бар екенін қолдайтынын, бұл жағдайға байланысты жергілікті атқарушы орган тиісті шара қабылдауы тиіс екенін мәлімдеді

Айнұр Мұхади
Дүйсенбі, 06 Қазан, 2025 17:42
Талқылау