Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қорғаныс министрі Жетісу облысындағы сарбаздың неден қаза тапқанын айтты

Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов Жетісу облысы Жаркент кентінде мерзімді қызмет сарбазы неден қаза тапқаны туралы журналистер сұрағына жауап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

әскер
Руслан Жақсылықов, ең әуелі, марқұмның отбасына көңіл айтып, өлімнің себебі менингит екенін атап өтті.

"Біріншіден, марқұмның отбасына тағы да көңіл айтқым келеді. Ауру. Бұл – менингиттің жылдам өтетін формасы. Білесіз бе, әдетте аурудың мұндай формасы тасымалдаушыларда кездеседі. Өкінішке қарай, біз жас жігіттерді әскерге шақырған кезде міндетті анализдердің тізбесінде менингит тасымалдаушыларды анықтайтын талдау жоқ. Біз қазір осы талдау түрін тізімге қосуға күш салып жатырмыз", – деді Руслан Жақсылықов.

Министр жас жігіттерді әскери бөлімге келген сәтте менингокок тасымалдаушыларға қарсы 100% тексеру туралы шешім қабылданғанын және соған қаржы бөлінгенін хабарлады. 

"Егер анықталса, дәрі-дәрмектің көмегімен-ақ 5-7 күн ішінде емделеді. Болашақта мұндай болмайды деген сөз. Бірақ проблема бар. Мен – өзім де әкемін. Бұл оқиға оның отбасы үшін ғана емес, бәріміз үшін үлкен қайғы. Қайғырып көңіл айтам, қазақтарда “бұл ажал", – деді қорғаныс министрі.

Еске сала кетейік, 2023 жылы 21 желтоқсанда қарулы күштер қатарында үш ай қызмет еткен сарбаз қаза тапты. Марқұмның жақындары сарбаздың менингиттен қаза тапқанына күмән келтіріп, Бас прокуратураға тергеу барысын ерекше бақылауға алуды сұрады.

Талқылау