"Қораппен тоқал сыйлау деген не сұмдық": Депутат дабыл қақты
Депутаттар Қазақстандағы күйеуінің туған күніне "тоқал сыйлау" трендін сынға алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото видеодан алынған
Бәйбішесі отағасын мерейтойымен құттықтап, кейін қораптың ішінен хиджап киген өрімдей жас аруды сыйға тарту үрдісі соңғы кезде әлеуметтік желіде жиілеп кеткен.
Депутаттардың айтуынша, Қазақстанмен қоса алыс-жақын шет елдерге де тарап кеткен мұндай видеолар еліміздің абыройына, азаматтардың құқықтық мәртебесіне нұқсан келтіреді. Қыз-келіншектердің бұл әрекетін депутаттар масқараға балайды. Қолданыстағы "Неке және отбасы туралы" заңда да екі әйел алу нормасы жоқ. Сондықтан көптің талқысына түскен жағдай жиілесе, әзіл-шыны аралас трендке үлес қосқандарға құқықтық жауапкершілікті арттыру мәселесі қолға алынбақшы.
“Бұл бізді төмендетіп көрсететін, ұлттық құндылықтарымызға сызат түсіретіндей жағдай. Қазақтың ғасырлар бойғы өмір сүру тәртібінде әдепсіз жағдай болмаған. Өкінішке қарай, қазір қоғамда болып жатқан, қабырғамызды қайыстырған келеңсіз жағдай. Сондықтан мен түбегейлі қарсымын. Қораппен тоқал сыйлау деген не сұмдық?!”, – деді мәжіліс депутаты Аманжол Әлтаев.
Еске салсақ, бұған дейін қазақстандық әйелдің күйеуіне тоқал сыйлаған видеосы желіде қызу талқыға түскені туралы жазған едік.