Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Көр үстінде көп шайтан билегендей, отшашуың бітпеді-ау, Қазақстан": Ашулы жұрт наразылықтарын өлең жолдарымен жеткізуде

Қазақстандық ақындар 6 маусым елорда күніне орай атылған отшашуларға байланысты наразылықтарын өлең жолдары арқылы жеткізді. Stan.kz ақпарат агенттігі сіздерге солардың бірнешеуін ұсынады. 

отшашу

Танымал журналист Есей Жеңісұлы былай деп жазады: 

Ескерткішің бар енді таза мыстан,
Тұтты, сірә, қызғанып аза дұшпан.
Күллі әлемнің өкпесі күйіп жатыр,
Сенің тойың бітпеді-ау, Қазақстан...

Билігіңде ешкім жоқ шала милы,
Бірақ шаруаң қалмай-ақ барады игі.
Бетпердесін иекке түсіре сап,
Бетке ұстайды топ адам қаралы үйді.

Кімнің қалай болады айып ісі,
Жарға барып тірелді қайық ұшы.
Дәріханаң бар болғыр аспиринді
Қымбат сатып, келеді байығысы.

Танылғымыз бар еді атырапқа,
Матаға да зар болдық, жапыраққа.
Жедел жәрдем - үнемі шабан жәрдем,
Қайыр күткен жұрт түгел ақымақ па?

Мерейтой ма... көкпарын ала шапты,
Көксау халқы күтеді ағаш атты.
"Бұл отшашу не керек?" деп кесетін
Сөзді бекер күттім-ау парасатты.

Әлде халқың аурумен аз алысқан,
Тойын жасап, ертесі қаза құшқан.
Көр үстінде көп шайтан билегендей,
Отшашуың бітпеді-ау, Қазақстан...


Бақыт Беделхан

Астананың... қызуы қырық боп тұр.!
Сылтау да өткір, әйнектей сынық та өткір.
От сапырды...
Жын шашты..
Кері сиді...
Ары қарай не деуші еді?..
Құрып кеткір!.. 


Танакөз Толқынқызы

Ошақта отым өшті.
Өлдім мен. Атым өшті.

Қиын ғой оқыс өлген,
Көздер көп оты сөнген.

От шашып тойлағандар!
Отпенен ойнамаңдар!

Көз жастың хақы болар,
Тозақтың оты болар.

Шер қатқан қырауы бар
Наланың сұрауы бар.

Іздейміз әрнені жоқ,
Халқым бар дәрмені жоқ.

Ел де жоқ. Отан да жоқ.
Ел бастар атан да жоқ


Талқылау