Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда АЭС салу туралы сауалнама қорытындысы жарияланды

"СОЦИС-А" кешенді әлеуметтік зерттеулер институты 11-12 қыркүйек аралығында халық арасында АЭС салу бойынша референдум туралы телефон арқылы сауалнама жүргізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

аэс

Фото: pixabay.com

Сауалнамаға 17 облыстан және республикалық маңызы бар Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан 18 жастан асқан 1000 азамат қатысқан. 

Сауалнамаға қатысушылардың барлығына 3 сұрақ қойылған: 

- Сіз АЭС салу бойынша референдумға қатысасыз ба?

- Қазақстанда АЭС салу туралы қандай ақпарат сізді қызықтырады?

- Сіз Қазақстанда АЭС салуға келісесіз бе?

Сауалнама қорытындысы бойынша, алғашқы сұраққа жауап бергендер арасында  "міндетті түрде барамын" (35,6%) және "мүмкіндігінше баруға тырысамын" (20,2%) нұсқаларын таңдаған қатысушылардың жалпы үлесі 55,8% құраған.  Ал қатысушылардың оннан бір бөлігінен астамы "референдумға қатыспаймын" (12,2%) деп жауап берген.


Қазақстанда АЭС-ті салуы мүмкін компаниялар белгілі болды


Қатысушылардың 16,6% референдумға қатысу немесе қатыспау туралы "әлі бір шешімге келмеген" болса,  13,6%-ы "бұл жаңалықты бірінші рет естіп отырмын" деп жауап берген.

"Қазақстанда атом электр станциясын салуға келісесіз бе?" деген сұраққа келісетіндердің үлесі 60,4% құрады. Ал сауалнамаға қатысқандардың 30,1%-ы АЭС салу идеясын қолдамайды. Сауалнамаға қатысқан әрбір оныншы адам (9,5%) атом электр станциясының құрылысына қатысты сұраққа жауап беруден бас тартқан.  

Институттың мәліметінше, сауалнамадағы "Қазақстанда атом электр станциясын салу туралы қандай ақпарат сізді қызықтырады?" деген сұрақта пікірлер эмоционалды ұстанымнан бастап толығымен прагматикалық дәлелдерге дейін құбылады.

“Мәселен, "азаматтардың денсаулығына әсер етуі ықтимал" және "экологияға әсер етуі ықтимал" деген эмоционалды пікірлері бар жауаптарды таңдау тиісінше 59,5% және 54,1% құрады. Бұл, ең алдымен, желіде АЭС салу ықтималдығы туралы алғашқы ақпарат пайда болған сәттен бастап мұндай жобалардың қауіптері туралы әртүрлі пайымдар тарала бастағандығына байланысты болуы мүмкін. Айта кету керек, сауалнамаға қатысқан халық АЭС-те қауіпсіздікті қамтамасыз етудің нақты шаралары бойынша прагматикалық ойлар айтқан: "Апаттардың алдын алу жөніндегі қауіпсіздік шаралары" (43,1%); "Радиоактивті қалдықтарды басқару" (24,9%); "Кадрлық әлеует" (16%)”, – делінген хабарламада. 

Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанда АЭС салу бойынша референдум өткізуге 15,5 миллиард теңге жұмсалатыны туралы жазған едік. 

Талқылау