Көп балалы аналар жәрдемақысы 2023 жылы қанша теңгеге өседі?
Қазақстанда 2023 жылы жәрдемақылар мөлшері ұлғаяды. Сондай-ақ айлық есептік көрсеткіш пен төменгі күнкөріс шегінің өсуіне байланысты елде әлеуметтік көмек мөлшері өзгереді. Stan.kz тілшісі назарларыңызға көп балалы аналарға арналған жәрдемақы бойынша өзгерістерді ұсынады.
АЕК және күнкөріс деңгейі
Қазақстанда айлық есептік көрсеткіш (АЕК) 1 қаңтардан бастап – 3 450 теңге деп есептеледі. Ал 40 567 теңге ең төменгі күнкөріс шегі деп бекітіледі. Сондай-ақ ең төменгі жалақы 60 000-нан 70 000 теңгеге артады.
Көп балалы аналарға берілетін жәрдемақы мөлшері:
Төрт балалы анаға – 16,03 АЕК немесе 55 303 теңге;
Бес балалы анаға – 20,04 АЕК немесе 69 138 теңге;
Алты балалы ана үшін – 24,05 АЕК немесе 82 972 теңге;
Жеті балалы анаға – 28,06 АЕК немесе 96 807 теңге;
Сегіз баласы бар ана үшін – 32 АЕК немесе 110 400 теңге.
Одан кейінгі балаларға 4 АЕК, яғни 13 800 теңге қосылып отырады. Демек, үйінде он баласы бар отбасы 138 000 теңге алады.
Жәрдемақыны қалай рәсімдеуге болады?
Көп балалы аналарға арналған жәрдемақыны рәсімдеу үшін өтініш жазасыз. Содан кейін төмендегі құжаттарды Халыққа қызмет көрсету орталығына апарып беру керек:
• Жеке басын куәландыратын құжат;
• Балалардың туу туралы куәліктері;
• Көп балалы ананың мәртебесін, атағы мен наградаларының болуын растайтын құжат;
• Неке туралы құжаттар;
• Тұрғылықты жерін тіркеу туралы мәліметтер;
• Банктік шот нөмірі.
Ал Байқоңыр қаласының аналары аталған құжаттардан бөлек, тұрғын үй шаруашылығы азаматтарын есепке алу және тіркеу бөлімінің анықтамасын ұсынуы тиіс.
Жәрдемақы алуға өтінішті E-Gov порталы арқылы онлайн-қызметпен беруге де болады. Өтініш жеті жұмыс күні ішінде қаралады. Қосымша құжаттар қажет болған жағдайда бес күн ішінде тиісті хабарлама жіберіледі.
"Алтын алқа" немесе "Батыр ана" атанған аналарға берілетін жәрдемақы мөлшері
Алты бала тәрбиелеген көп балалы аналарға "Күміс алқа", ал жеті және одан да көп баланың аналарына "Алтын алқа" тағылады.
"Алтын алқамен" марапатталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, I және II дәрежелі "Ана даңқы" ордендері табысталған аналардың жәрдемақысы 6,4 АЕК-тен 7,4 АЕК-ке дейін ұлғаяды. Оларға енді ай сайын 25 530 теңге төленеді.
"Алтын алқа", "Күміс алқа" немесе "Батыр ана" атанғаныңыз үшін берілетін жәрдемақыны рәсімдеуге мына құжаттар керек:
• Өтініш;
• Жеке басын куәландыратын құжат;
• "Алтын алқа", "Күміс алқа" немесе "Батыр ана"атағын алғанын растайтын құжат;
• I және II дәрежелі "Ана даңқы" ордендері.
Көп балалы аналарға қарастырылатын басқа да жеңілдіктер
Ерекше ордендермен марапатталған көп балалы аналар мемлекеттік тұрғын үй қорынан немесе жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үй алуға бірінші болып кезекке тұра алады.
"Алтын алқа" және "Күміс алқа" алқаларымен марапатталған көп балалы аналар бірнеше салықты төлеуден босатылған:
• Көлік құралдарына салынатын салық;
• Жер учаскелері бойынша салықтар;
• Жеке тұлғалардың мүлкіне салынатын салық;
• Нотариалды қызмет кезіндегі мемлекеттік;
• Зияткерлік меншік саласына қатысты іс-әрекеттер жасаған кездегі мемлекеттік баж салығы.
Сонымен қатар, бес және одан да көп баланы дүниеге әкелген немесе асырап алып, оларды сегіз жасқа дейін тәрбиелеген әйелдер 53 жасқа толғаннан кейін зейнетақы алуға құқығы бар.