Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Танымайтын қыздың сәбиін 4 жыл бойы бақтым": 14 құрсақ көтерген ана қалай бәріне үлгеруге болатынын айтып берді

Жетісу облысы Кербұлақ ауданында алтын құрсақты "Батыр ана" тұрады. Гүлназ Жеңісбайқызының күйеуімен шаңырақ көтергеніне 29 жыл болған. Бүгінде олар 10 қыз 4 ұл тәрбиелеп отыр. Алты немересі бар. “Денсаулығым жетсе, бала туудан қашпаймын” деген көп балалы ана Stan.kz тілшісіне сұхбат беріп, бала тәрбиелеудегі қиындықтарымен бөлісті. 

“28 жыл бойы үйде отырдым”

Гүлназ Жеңісбайқызы былтыр қазан айында “Бизнес бастау” жобасы арқылы грант ұтып алып, кішігірім кафетерия ашқан. Көпбалалы ана әртүрлі кулинариялық өнімдерді өз қолымен жасап, сатады.Тіпті керекті жеріне дейін жеткізіп береді екен.

“Кербұлақ ауданы, Сарыөзек кентінде тұрамыз. Өзімнің жасым 44-те. Күйеуім биыл 53 жасқа толады. 28 жыл бойы үйде отырғанмын. Осы уақытта күйеуім әртүрлі жұмыстармен айналысып, бізді бақты. Өзі құрылыста да жұмыс істейді, түрлі техникаларды жөндеумен айналысады. Сонымен қатар аз-кем малымыз бар. Соған қарайды”, – дейді ол. 

Батыр ана көпбалалы болуды ешқашан армандағанын айтады. Дегенмен, балаларының барлығын “құдайдың сыйы” деп қабылдаған.

“Жолдасым да “құдай берген баланы ала беру керек” дейді. Үлкен қызымның жасы 28-де. Қазір тұрмыста, үш баласы бар. Мұғалім болып жұмыс істейді. Екінші қызым 26 жаста. Ол да тұрмыс құрған, екі баласы бар. Үшінші қызымның жасы 24-те. Ережесіз жекпе-жек және еркін күреспен айналысады. Ресей, Түркия, Қытай елдеріне барып, әртүрлі жарыстарға қатысады.Тұрмыс құрмаған. Одан кейінгі 22 жастағы қызым да жақында шаңырақ көтерген. Бүгінде бір баланың анасы. Төрт қыздан кейін көптен күткен ұлымыз дүниеге келді. Былтыр 20 жасында әскерге барып келді. Қазір бағдарламашы болып жұмыс істеп жүр. Одан кейін 2004 жылғы қызым бар. Биыл оқу бітірді. Қазір қасымда, бірге жұмыс істеп жатырмыз. Жетіншісі ұл. Қазір 10-сыныпта оқиды. Одан кейінгі қыздарымның бірі 7-сыныпта екіншісі 5-сыныпта оқиды. Үшінші 9 жастағы ұлым екінші сыныпта. Бұдан кейінгі қызым 1-сыныпта оқып жүр. Кейінгілері балабақшаға барады. Ең кіші ұлым биыл сәуірде екі жасқа толады. Оны да балабақшаға беріп жүрміз. Қазір 11 балам қолымда”, – дейді көп балалы ана. 

"Алдыңғы арба қайда барса, соңғы арба сонда жүреді"

Гүлназ Жеңісбайқызы 14 баланы тәрбиелеу қиынға соқпағанын мойындайды. 

“Кеңес үкіметі кезінде бізді әкеміз қатал тәрбиеледі. Ол кісі күні бойы жұмыста болып, үйге кеш келетін. Анамыздың “әкең келе жатыр” деген сөзі жеткілікті еді. Сол кісілердің қас-қабағына қарап өстік. Біздің де балалар солай тәрбиеленді. Ешқашан оларға қатты сөз айтып, айқайлап, ұрып-соққан емеспіз. Барлық нәрсені жанарымыздан, қас-қабағымызға қарап-ақ түсінеді. Сабақтарын оқып, үйде әрқайсысына жүктелген міндеттерді атқарады. "Алдыңғы арба қайда барса, соңғы арба сонда жүреді" дейді, сондықтан алдыңғы ұл-қыздарды жақсы тәрбиелесең, соңғылары соларға еліктеп, үлгі етіп өседі деп ойлаймын”, – дейді әйел. 

Батыр балаларының бауырмал екенін, тіпті бір-бірінсіз ас ішпейтінін сөз етті. Сондай-ақ бала тәрбиелеуде әр нәрсеге сабырлықпен қарау керек екенін жеткізді. 


2023 жылға Қазақстан қалаларына арналған ораза кестесі жарияланды


“Балаларым әрқашан ауызбіршілікте, бір-біріне көмектесіп жүреді.Жалпы, қандай қиындық болса да соған қарсы тұра алатын шыдамдылық қажет. Арасында қажеттіліктерін өтей алмай жатқанда “анау балада бар, менде неге жоқ” деген секілді сөздер естіп қалып жатамын. Сол кезде әрқашан “бүгін осылай болғаныман, ертең бізде бәрі болады. “Бүгін мынаны жемедік, анау жоқ” деп айтпаңдар. Сендер көп балалы отбасында өсіп жатырсыңдар. Кейін жағдайларың одан да жақсы болады” деп айтып отырамын. Олар да бар жағдайды түсініп, ең бірінші өздерін емес бауырларының жағдайын ойлауға тырысады”, – дейді алтын құрсақты ана. 

“Әр балаға жеке көңіл бөлемін”

Гүлназ Жеңісбайқызы әр баласына жеке көңіл бөлетін көрінеді. Барлығының бірге басы жиналғанда бөлек әңгіме айтсақ, жеке қалғанда басқа әңгімеде айтамыз дейді. 

“Себебі, әр бала отбасында, қоғамда өз орнын іздейді. Жалпы айтқан сөз басқаша, жеке айтқан сөз басқаша әсер етеді. Егер жеке бәрін түсіндіріп, сөйлесетін болсаң бала артық әрекетке бармай, өз орнын да біліп жүреді. Сол үшін де араларында аса бір жанжал туындамайды. Тек кішірек кездерінде жанжалдасып қалатын кездері болатын. Ондай кезде ешқандай ұрыссыз “сендер бауырсыңдар” деп жайлап қана түсіндіремін. Қазір есейген сәттерінде араларында қатты бір жанжал туындамайды”, – дейді ол. 

“Танымайтын қыздың баласын 4 жыл бойы бақтым”

Батыр ана үйде отырған уақытында өз балаларымен қоса ауылдағы жалғыз басты аналардың баласын қарайды. Тіпті, олардың ішінде балаларын баға алмай бірнеше жылға тастап кететіндер де болған.

“Олар жұмысқа кетеді, балаларына қарайтын адам жоқ. Балабақшада да орын жоқ болып қалатын. Үш жастан бастап, бес жасқа дейінгі балаларды жинап алатынмын. Олардың саны бес алты тіпті, он-он беске дейін баратын. Кейде еңбегім үшін ақы алмайтын кездерім болды. Әркім өзінің шамасы жеткеніне қарай беретін еді. Тіпті, бір қыздың баласын үш жарым жасына дейін баққанмын. Тоғызыншы баламды босанған кезімде бір қыз оқу оқып жүріп босанып қалған. Сіңліммен бірге жатақханада тұратын. Әке-шешесінен қорқып, баланы қай жаққа жіберерін білмегеннен кейін баланы өзіме қамқорлыққа алдым. “Сүрінбейтін тұяқ жоқ” деген ғой. Қыз үш жыл 8 ай болғанда бір-ақ келді. Маған өз атыңа аударып ал деп те айтқандар болды. Дегенмен баланың анасы қайтып келсе ұят болады деген оймен олай жасамадым. Алып кеткеніне қарамастан әлі араласамын. Бүгінде ол бала 5-сынып оқып жүр”, – дейді Гүлназ Жеңісбайқызы. 

“Күйеуім ішімдік ішіп, темекі тартпайды”

Көпбалалы ана өзі де 10 ағайынды отбасынан шыққан. Одан бөлек, нағашы әжесінің 15 баласы, өз әжесі 12 балалы болыпты.

“Көп балалы отбасынан шыққаннан кейін де балажанды шығармын. Қанша бала қарап жүрсем де жігерлі болуға, мойымауға тырысатынмын. Балаларың көп болғаннан кейін шаршауға да, ауруға да уақыт жоқ. Әрине, материалдық жағынан қиналған кездеріміз болды. Киім әпере алмаған, тамаққа ақша жетпеген уақыттар болды. Бірақ жолдасымның еңбекқорлығының арқасында бар қиыншылықты жеңе білдік. Енем де қайтыс болып кеткен. Бізге көмектесетін ешкім болмады. Күйеуім ешқашан спирттік ішімдіктерге құмартып, темекі де тартқан емес. Тек қана еңбектің адамы десем болады. Әртүрлі жұмыстарды істеп, ешкімнен кем қылмай балаларын өсірді”, – дейді батыр ана. 

“Балаларымызды мектепке даярлағанда миллионнан астам қаражат жұмсаймыз”

Бұдан өзге көпбалалы ана қаражат жағынан қиналған кездері үй әрлеу, жинау, ішек-қарын тазалау секілді жұмыстар атқарған. 

“Азық-түлікке айына 200 мың теңгеден астам қаражат жұмсаймыз. Нанды өзім қолдан пісіремін. Сүт өнімдері мен ет өнімдері де өзімізден. Жыл сайын егістікке картоп егеміз. Соны кейін піскенде көптігіміздің арқасында бір-ақ күнде қазып, жинап аламыз. Тек мектепке дайындайтын кезде миллионнан аса қаражат кетеді. Киімдерін, оқуға қажетті дүниелерін бірден алып тастаймыз. Кейде көмек сұрап бармасам да мектептен қажетті киімдері беріліп тұрады.2019 жылы мемлекеттен үй берілді. Былтыр аудандық жиналыста облыс әкімі Бейбіт Өксікбайұлымен сөйлескенбіз. 14 балам бар екенін “сізге газды тегін жалғап береміз” деді. Сөйтіп, бір айдың ішінде газымызды жалғап, плитасына дейін қойып берді”, – дейді ол. 

“Денсаулығым жетсе, бала туатын ойым бар”

Көпбалалы ана “денсаулығым жетіп, Құдай беріп тұрса, әлі де бала туу ойымда бар” деп отыр. 

“Балаларымның арасының бәрі екі-үш жас. Тіпті, ауруханадағылар “қашан келесің” деп сұрап жатады”, – дейді батыр ана (күліп).

Сондай-ақ Гүлназ Жеңісбайқызы бала тәрбиесіне қатысты көпбалалы аналарға өз кеңесін бере кетті. 

“Барлығы осынша баланы қалай бағып отырсыз” деп таңғалысып жатады. Екі баланы әрең бағып отырмыз. 14 баланы қалай бағуға болады дейді. Қазір жастар шыдамсыздау. Балалы болу үшін жағдай жасау керек деп жатады. Оған жету үшін алдымен тыңбай еңбек ету керек. Осылай уақыт өткізіп алып жатады. Менің ойымша, жас кезде бала туып алған дұрыс. Ары қарай өзі-ақ реттеліп кетеді. Баланы көпшіл қылып тәрбиелеген дұрыс. Өзін өзге балалармен салыстыруға жол бермей, жеке тұлға екенін сезіндіру керек. “Анау бай, мынау кедей” дегізбей барлық адамға бірдей құрмет көрсетуге үйрету керек. Өзі де барлық балаға бірдей көңіл бөліп, барынша еңбекқорлыққа, табандылыққа қарай баулыған дұрыс”, – деп аяқтады сөзін көп балалы ана. 

Талқылау