Еңбек өтілі жоқ университет түлектері қалай жұмысқа орналаса алады? Жас мамандар өз тәжірибелерімен бөлісті
Жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесін шешуде мемлекет пен кәсіпорындар бірлесе күш жұмсауда. Ол үшін елімізде бірқатар жұмыспен қамту бағдарламалары жүзеге асырылуда. Мәселен, енді колледждер мен жоғары оқу орындарының түлектері жұмысқа еш тәжірибесіз орналаса алады. Бұл “Еңбек” мемлекеттік бағдарламасы аясында іске қосылған “Алғашқы жұмыс орны” жобасының арқасында мүмкін болып отыр. Бағдарлама жайлы толығырақ Stan.kz тілшісінің материалында.
“Алғашқы жұмыс орны" бағдарламасына жасы 29-ға толмаған, еңбек өтілі жоқ жұмыссыз жастар қатыса алады.
Жобаның мақсаты:
-
жас мамандардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру;
-
еңбек дағдыларын қалыптастыруға бағытталған жағдай жасау;
-
алғашқы жұмыс орнына бейімделу және функционалдық міндеттерге дайындық.
Жобаның басты ерекшеліктерінің бірі – қатысушының жалақысынан 20 АЕК-ке дейін ай сайынғы мемлекеттік субсидиялауды бір жыл бойы қамтамасыз етілуі.
Осылайша, жобаға қатысқан жұмыс беруші қызметкерді қабылдайды, ал жаңа жұмысшыға жалақыны мемлекет төлейді. Осы уақыт ішінде жас маман тәжірибе, білім алып, компанияның білікті қызметкеріне айнала алады. Ең бастысы кәсіби деңгейді дамытуға деген ұмтылыс пен тілек. Үміткерлер бұл бағдарламаға қатысу арқылы білім беру ұйымында алған мамандығы бойынша дағдыларын бекітуге және тұрақты жұмыс табуға мүмкіндігін иеленеді.
"Алғашқы жұмыс орны" жобасын жүзеге асырудың қысқа мерзіміне қарамастан 2021 жылдың 1 қыркүйегіне дейін ашылған жұмыс орындарына 1348 жас маман жұмысқа орналасып үлгерген.
Жастарды жұмыспен қамту бөлімінің басшысы Айжан Усаеваның айтуынша, жобаға қатысушының өз еркімен "электрондық еңбек биржасы" порталында вакансия қарау және жұмыс ұсынған мекемені таңдау мүмкіндігі бар. .
“Көп жағдайда жұмыс берушілер жастардан жұмысқа орналасу кезінде еңбек өтілімі болуын талап етеді. Осы тұрғыдан алғанда, "Алғашқы жұмыс орны" жобасының тәртібі бойынша жұмыс беруші тәлімгер бекітеді. Қатысушыларға қажетті ең бастысы практикалық тәжірибе алуға мүмкіндік береді. Жоба бойынша жұмыс беруші жастармен 18 айға келісімшартқа отырады. Мерзім аяқталған соң, жобаға қатысушы тұрақты жұмысқа орналастырылады. Жұмыс беруші 12 айдан кейін де тұрақты жұмысқа жас маманды ала алады”, – деді бөлім басшысы.
Маманның сөзіне сүйенсек, Нұр-Сұлтан қаласында бағдарламаның көмегімен өткен жылы 91 адам жұмысқа орналасқан. Биыл олардың санын 179-ға дейін арттыру жоспарланған.
Аталмыш бағдарлама бойынша жұмысқа орналасқандардың бірі – Камилла Амангелді. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ түлегі қазір мамандығы бойынша жұмыс істеп жүр.
“Тамыз айында Алатау ауданындағы жұмыспен қамту орталығынына бару туралы ой келді. Сол жақтың мамандары маған хабарландырулар бойынша жұмыс орындарын таңдауға көмектесті. Небәрі екі аптадан соң балабақшаға ұстаз болып орналастым. Балалар кішкентай болған соң алғашында қиналғаным рас. Дегенмен тәжірибе жинақтай келе оларға түрлі әдістер арқылы сабақты жеткізуді үйрендім”, – дейді жас маман.
Бұған қоса бойжеткен өзі секілді жас мамандарға кеңесін айтты.
“Қазіргі таңда осы бағдарламаның арқасында біліктілік деңгейім жеткілікті дәрежеге көтерілді деп айта аламын. Өзім секілді енді ғана университет тәмамдаған түлектерге мемлекеттік мекемеде жұмыс істеуден қорықпау керек дегім келеді. Төрт жыл бойы алған білімімізді еліміздің ертеңі үшін пайдалануымыз қажет. Еңбек етуден жалықпаумыз керек”, – деп түйіндеді жас ұстаз.
Сонымен “Алғашқы жұмыс орны" бағдарламасына қалай қатысуға болады?
- Enbek.kz порталына жұмыссыз ретінде тіркелу қажет.
- Enbek платформасындағы бос жұмыс орнына өтініш жолдау керек.
Бұған қоса тұрғылықты мекенжайыңыз бойынша жұмыспен қамту орталғына жүгінуге болады.

Астана әкімдігі сенбілікте пластик жинағандарға қағаз салфетка таратқан: Экологтар бұның үлкен қате екенін айтып, дабыл қақты
