Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жалақыны мемлекет төлейді: Алматылық бойжеткен университет аяқтаған соң әкімдікке қалай жұмысқа орналасқанын айтып берді

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, қазір еліміздің ЖОО орындарында 575 мыңнан астам студент білім алса, олардың 160 мыңға жуығы биыл оқу орнын тәмамдайды. Еңбек нарығына алғаш рет аяқ басқан ЖОО түлектері үшін жұмыс табу үрдісі ұзаққа созылып кетуі мүмкін. Ал олардың жұмыс тәжірибесінің жоқтығы мәселені тіпті ушықтырып жібереді. Осы орайда жас мамандарды қолдау мақсатында 2011 жылы “Жастар практикасы” бағдарламасы құрылды. Бұл бағдарламаға кімдер қатыса алады? Толығырақ Stan.kz тілшісінің материалынан оқи аласыздар. 

Назерке

Бүгінде “Жастар практикасы” бағдарламасы "Еңбек" нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының үшінші бағыты шеңберінде іске асырылуда. 

Бағдарламаның мақсаты – университет пен колледж бітірген жастарды мамандығы бойынша жұмысқа орналасуға көмектесу, жұмыс істеуге бейімдеу. Бастапқы жұмыс тәжірибесін жинауға мүмкіндік беру. Бірақ жұмысы ауыр кәсіпорындар мен зиянды, қауіпті жұмыстарға жіберілмейді.

“Жастар практикасы” бағдарламасына оқуды енді бітірген, мамандығы бойынша әлі тәжірибесі жоқ, 29 жасқа дейінгі жастар қатыса алады. Тек оқу бітіргеніне 3 жылдан аспауы керек. Бағдарламаға ЖОО түлектерімен қатар, колледж бітірген жастар да қатыса алады.

Аталмыш бағдарлама бір жылдан астам жұмыс істейтін және жалақы бойынша қарызы жоқ кәсіпорындар мен ұйымдарда ұйымдастырылады. Мұндай мекемелерде 12 айға дейін жаңа уақытша жұмыс орындары құрылады. 

Жобаға қатысқан жұмыс беруші қызметкерді жұмысқа алады. Ал түлек практикадан өту кезінде тәжірибе, білім сонымен бірге мемлекеттен жалақы алады. Жұмыс беруші кәсіби білім мен тәжірибе жинақтауға көмектесу үшін жастар практикасына қатысушыларға тәлімгер бекітеді. 

Бағдарламаға қатысушылардың бірі – алматылық Назерке Елнұрқызы. Д.А.Қонаев атындағы Еуразиялық заң академиясын тәмамдаған оның тәжірибесі болмағандықтан алғашқыда жұмыс табу қиынға соғады. 

“Жастар практикасы” бағдарламасы туралы студент кезімде естігенмін. Университет бітіріп, жұмыссыз ұзақ жүріп қалмайын деп “жұмыссыз” ретінде тіркелдім. Вакансия табылған соң шақырту алдым. Осылайша өзімнің тұрғылықты мекенжайым бойынша Алматы қаласының Алатау аудандық әкімдігіне хатшы болып жұмысқа орналастым. Қазір халықтың арыз-тілегін тыңдап, өтінішін қабылдаймын. Мазалаған сұраққа жауап беруге тырысамын”, – дейді Назерке. 

Бүгінгі таңда Назеркенің әкімдікте жұмыс істеп жатқанына 3 айдан асқан. Бағдарлама мерзімі аяқталған соң ол сынақтан өтіп, ресми түрде мемлекеттік қызметкер атанады. 

“Осы жағдай мені қатты қуантты. Бағдарламаның тиімді тұсы да осы болып тұр. “Жастар практикасы” бағдарламасы бойынша жұмысымды аяқтағаннан кейін толыққанды мемлекеттік қызметкер болу үшін сынақ тапсыруым керек. Дайындалуыма уақыт бар. Егер сынақтан сүрінбей өтсем, ресми түрде жұмысқа орналаса аламын”, – дейді ол. 

Айта кетейік, Жастар практикасының ерекшеліктерінің бірі - қатысушының жалақысын ай сайын мемлекет төлеп отырады. Ал биыл жобаға қатысушылардың жалақысы өсті. 2021 жылы жалақы 35 АЕК (102 095 теңге) болса, осы жылы 40 АЕК (122 520  теңге) жетті.  Жалақыны жұмыспен қамту орталығы ай сайын тұрақты түрде төлеп отырады. Зейнетақысы мен сақтандыруы қоса жүреді. Егер жұмыс беруші бөлек еңбекақы төлеймін десе, оған да рұқсат етілген. 

Бағдарламаға қатысқысы келген азамат Жұмыспен қамту орталығына барып тіркеліп, өтініш беруі керек. Орталық мамандары қатысудың шарттарын, қандай жұмыс орындары барын, бағдарлама ережелерін түсіндіреді. Бағдарлама арқылы мемлекеттік қызметтен бастап жекеменшік компаниялар мен зауыттарға дейін жұмысқа орналасуға болады. Сондай-ақ қатысушы қай мекемеде тағылымдамадан өткісі келетінін айтып, өтініш білдіре алады. Бағдарлама бүкіл Қазақстанды қамтиды. 

Алматы қаласы жұмыспен қамту орталығының мәліметінше, өңірде 2021 жылы жастар практикасына 1 491 адам жіберіліп, оның 537-сі жұмысқа қабылданған. Ал 2022 жылы қазіргі кезең бойынша жастар практикасымен 279 жұмыс істеп жүр. 

Талқылау