Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
Басты жаңалықтар

"Контентті хайп үшін емес, адамдар үшін жасаймыз": AINA платформасының құрушы әрі идеялық шабыт берушісі Жандос Тұңғышбаевпен сұхбат

Қазақстанда YouTube-тегі AINA медиа платформасы көпке танылуда. Оның “Сыр” және “Арзан психологтар” жобаларын көрген боларсыз. Бұл шоулар YouTube-те жүздеген мың қаралым жинап, шынайы пікірлер туғызып жүр, ең бастысы қазақ және орыс тілдерінде қарапайым жүргізіледі. Мұндай адал, ашық, терең ой салатындай формат болмаған сияқты. 

AINA – бұл жай ғана шоулардың жиынтығы емес. Бұл UNICO Play платформасының ішіндегі экожүйе. Онда жаңа форматтар құрылып, жас таланттар танылып, қазақстандықтардың әрқайсысы өздерін көре алатындай контент ойлап табылады.

Барлығы неден басталғанын, неліктен танымал брендтер мен жұлдыздардың жобаның бір бөлігі болуға ұмтылатынын және Қазақстандағы YouTube-ке жаңа дауыстың не үшін қажет екенін біз AINA жобасының идеялық шабыттандырушысы және бас продюсері Жандос Тұңғышбаевтан сұрадық.  

– Барлығы неден басталды? AINA идеясы қалай пайда болды?

– Бала кезімнен бірдеңе түсіріп жүретінмін. Мектепте қазір белгілі режиссер Айсұлтан Сейітов екеуміз түрлі видеолар түсіріп, қолда бардың бәрін сынап көрдік. Кейін бұл YouTube, вайндар, клиптер мен музыкалық жобаларға ұласты. Осылайша мен түрлі брендтермен, әртістермен, жарнамалармен жұмыс істеп, фестивальдер ұйымдастырдым.

Бір күні өзімнің жай ғана контент емес, осы бағытта мәдениет құрғым келетінін түсіндім. Жаңа есімдер танылатын, мағынаға толы, дамушы орта жасағым келді. Дәл осыны ұғынғаннан кейін UNICO Play платформасына келдім. Ол сол кезде қазақстандық стримингте жаңа көзқарас қалыптастырған еді. Міне дәл осы жерде мықты командамен біріге отырып, AINA дүниеге келді.

– Неліктен атауын AINA деп қойғансыздар?

– AINA атауы кездейсоқ қойылмады. Біз әр көрерменнің тақырыптарымыздан, кейіпкерлерден, тіпті олардың жан жарасынан өздерін көре алатындай болуын қаладық. Шоуларымыз жылтыраған кереметті емес, керісінше, қазақстандықтардың шынайы өмірін бейнелейтін айна болғанын жөн көрдік. Бәрін толғандырып жүрген дүниелер мен өмірдің бір бөлігін көрсеткіміз келді. 

– AINA-ның басқа YouTube арналарынан айырмашылығы неде?

– AINA бір ғана арна емес. Бұл – платформа. Бізде әртүрлі шоулар, түрлі форматтар мен түрлі аудиториялар бар. Бірақ берер мәніміз бір – өз тілінде шынайы сөйлесу. Біз бір жүргізушіге немесе жанрға байланбаймыз. Жаңа сценарий авторлары, продюсерлер, режиссерлер өсе алатын экожүйені құрып жатырмыз. Бұл – қауымдастық.

– AINA қандай шоуларды шығарып үлгерді?

– Қазір белсенді түрде беріліп жатқан жобалар:

  • “Сыр” – отбасы мен сезімдер, дағдарыстар туралы сөйлесетін шоу;
  • “Арзан психологтар” – жан саулығы туралы жоба.

Жобаларымыздың басым бөлігі қазақ тілінде екенін атап өткен жөн. Дегенмен түрлі аудиторияға да назар аударамыз. Болашақта шоуды ағылшын тілінде және екі тілді форматта бастауды жоспарлап отырмыз. Бастысы барлық жобаларымыз адал, шынайы, өзіміз туралы болады.

– “Арзан психологтар” жобасы көп талқылануда. Неліктен?

– Қазақ қоғамында психология тақырыбы әлі де көлеңкеде қалып отыр. Көпшілік "психолог — бақуатты адамдарға ғана арналған" немесе "жеке мәселең туралы айту ұят" деп санайды. Ал біз бұл түсінікті әзілмен, қарапайымдылықпен, адамдардың жылуы арқылы өзгертуді шештік.

Біздің басты кейіпкерлеріміз нағыз маман емес. Алайда олар алғашқы қадам жасайды. Сол арқылы кәсіби маманға барып-бармау шешімін адамдардың өздеріне қалдырады. Бұл баршаға арналған психология әрі ол жақсы жұмыс істейді.

– Жобаларыңызға қандай танымал түлғалар қонақ болып келді?

– Сабиркин, Қайрат Әділгерей, Ninety One тобындағы Alem және басқалары болды. Ең бастысы, біз оларды қонақ болып келуге көндірген емеспіз. Олар өздері келгісі келеді. Өйткені мұнда шынымен шынайы сырласып, сөйлесуге болады.

Біз әрдайым атағы жер жарғандары емес, айтары бар жандарды таңдаймыз. Адамдар да мұны сезеді.

– Атақты адамдар мен компаниялар AINA жобаларының бір бөлігі болғысы келетіні рас па?

– Иә. Біз хайп үшін шоу жасамаймыз. Керісінше, сенім қалыптастырамыз. Аудиториямыздың еш күмәнсіз, қызығушылық пен құрметке толы кері байланысын көргенде, олар да AINA құрамына кіргісі келеді. Сандары үшін емес, мән-мағынасы үшін.

– Командаңыз қалай жұмыс істейді?

– Командамыз мықты. Барлығы әртүрлі салалардан. Бірі Salem-де хиттер шығарған болса, енді бірі стендаптан, кейбірі музыкалық продакшннан келген.

Ұстанатын басты қағидам — адам өзі жасайтын нәрсеге сенуі керек. Сонда ғана адал жұмыс болады.

– Бірнеше жылдан кейін AINA-ны қалай елестетесіз?

– AINA-ны жергілікті контенттің негізгі зауыты ретінде көремін. Жаңа режиссерлер, авторлар шығып, кино түсірілетін, диджитал-жобалар іске асырылатын орынға айналады деп ойлаймын. Әрбір қазақстандық YouTube-ті қосып: "О, дәл мен туралы айтып жатыр ғой" деп айта алатындай деңгейде болса деймін.

Біз жаңа телевизия болғымыз келеді. Бірақ бәріне арналған, барлық нәрсе туралы айтатын емес, өзіміз туралы әрі шынайы болғанын қалаймыз.

– AINA-дан хабары жоқ көрмегендерге не айтар едіңіз?

– Жай ғана көріңіз. “Сырды” қараңыз. “Арзан психологтар” жобасынан кейіпкерлер арқылы өзіңізді таныңыз. AINA жай формат емес, бұл – шынымен айна. Мүмкін, өзіңізді көріп қаларсыз!

STAN.KZ
Жұма, 25 Сәуір, 2025 09:40
Талқылау