Конституциялық сотқа қалай шағымдануға болады: Сот төрағасы Эльвира Азимова маңызды сұрақтарға жауап берді
Конституциялық соттың әділеттілікті қамтамасыз етуде және азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғауда шешуші рөл атқаратыны белгілі. Конституцияны бақылаудың жоғарғы органы ретінде конституциялық сот шағымдарды қарауға, конституцияны түсіндіруге және қоғамның барлық саласына әсер ететін шешімдер қабылдауға құқылы. Қазақстанда 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап Конституциялық сот өз қызметін бастаған болатын. Алайда көптеген азаматтар Конституциялық соттың не үшін қажет екенін және оған қандай жағдайда шағымдану керек екенін түсіне бермейді. Stan.kz тілшісіне көпшіліктің көкейінде жүрген сауалдарды Қазақстан Конституциялық сотының төрағасы Эльвира Азимовадан сұрап көрді.
– Эльвира Әбілқасымқызы, Қазақстан сот жүйесіндегі Конституциялық соттың рөлі мен функциялары қандай?
– Конституциялық сот соттар жүйесіне жатпайды. Азаматтардың көпшілігі бұл институтты Жоғарғы Соттың қосымша бір сатысы деп қате есептеп жүргені байқалады. Сондықтан олар өздерінің өтініштерінде сот шығарған шешімдерді қайта қарауды немесе оның күшін жоюды, жаза мерзімін қысқартуды талап етуде. Конституциялық Сот бұл жерде соттар қолданған сол шешімдердегі заңның немесе өзге де нормативтік актілердің, олардың жекелеген нормаларының Конституцияға сәйкестігін ғана қарайтынын ескерген жөн.
– Қазақстан Конституциялық сотының жұмысы қандай негізгі қағидаттар мен құндылықтардан тұрады?
– Конституциялық соттың ең басты міндеті – еліміздің бүкіл аумағында Конституцияның үстемдігін қамтамасыз ету.
Өздеріңіз білетіндей, мемлекет басшысы 2022 жылғы 16 наурыздағы Халыққа жолдауында Конституциялық соттың құрылуы құқық қорғаушы жүйені күшейтуге ықпал ететінін айтқан болатын. конституциялық бақылау органы нормативтік құқықтық актілердің Негізгі заңға сәйкестігін тексере отырып, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды көздейді.
Ол өз қызметін жүзеге асыру барысында дербес және азаматтардан, мемлекеттік органдардан немесе лауазымды адамдардан тәуелсіз. Шешім шығару кезінде тәуелсіздікті, объективтілікті және әділдікті басшылыққа ала отырып, тараптардың тең құқығын қамтамасыз етеді. Конституциялық сот өтініштердің мән-жайларын жан-жақты, толық және объективті зерттеу үшін барлық шараларды қолданады.
– Соңғы айларда Қазақстанның Конституциялық соты қабылдаған аса маңызды шешімдерге мысалдар келтірсеңіз. Олардың заңнама мен азаматтардың құқықтарына қандай әсері болды?
– Осы уақытқа дейін Конституциялық сот азаматтардың өтініштері бойынша 12 қорытынды шешім шығарды. Олар түрлі саланы қамтиды. Атап айтсақ, азаматтар қылмыстық-процестік, қылмыстық-атқару, әкімшілік рәсімдік-процестік, әкімшілік құқық бұзушылық, бұқаралық ақпарат құралдары кодексінің жекелеген нормаларына дау айтып шағымданды. Оның ішінде салық саласы, мемлекеттік қызмет және қылмыстық-атқару жүйесі заңнамасындағы жекелеген нормалар Конституцияға сай емес деп танылды.
Мәселен, бізге бұрын мемлекеттік кірістер органымен (салық органы) соттасқан азамат жүгінді. Бұл азамат сотта жеңіліп, мемлекеттік баж салығын төлеуге міндетті болған. Азамат бұған келіспей, одан әрі жоғарғы тұрған инстанцияларға шағымдануға шешім қабылдайды. Ол Жоғарғы Сотта кассацияға жеткенде, қайтадан мемлекеттік баж төлеуге мәжбүр болады. Бірінші сатыдағы соманың 50%-ын төлеу оның материалдық жағдайының төмен болуына байланысты мүмкін болмаған. Азамат мемлекеттік органнан, яғни заңды тұлғадан жеңілгендіктен, кассацияға өтініш берген кезде мемлекеттік бажды жеке тұлға ретінде емес, заңды тұлға ретінде төлеуге тура келеді. Ал мемлекеттік баж төлемесе, ісі әрі қарай қаралмайтын еді. Өтініш иесі мемлекеттік баждың жоғары шегі болмағандықтан, кейінге қалдыру немесе бөліп төлеу мүмкіндігі қарастырылмағандықтан, сот төрелігіне қол жеткізу құқығы шектелді деп, Салық кодексінің нормаларын Конституцияға сәйкестігін тексеруді сұрады.
Осы өтінішті қарау қорытындысы негізінде, "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Кодекстің 610-бабы 2-тармағының ережелері әркімнің өз құқықтары мен бостандықтарын сот арқылы қорғау жөніндегі конституциялық құқыққа нұқсан келтіруге және оны шектеуге алып келетін "осындай даулар бойынша әкімшілік талап қою, талап арыз (арыз) берілген кезде" деген сөздер бөлігінде Конституцияға сәйкес келмейді деп танылды.
Конституциялық соттың шешімдері осындай жағдайға тап болған барлық адамдарға қатысты болады. Осылайша азаматтардың бұзылған құқықтары қайта қалпына келтіріледі.
Конституциялық сот қабылдаған қаулылардың мазмұнына талдау жасай келе, Қазақстан Республикасы заңнамасының әлі де жетілмеген тұстары және олқылықтар мен коллизиялардың бар екенін айтып өткім келеді. Тиісінше, Конституциялық сот қабылдайтын қорытынды шешімдер тиісті мерзімдерді белгілей отырып, Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер енгізуді талап етуі мүмкін.
– Қазіргі уақытта Қазақстан Конституциялық сотының алдында тұрған негізгі сын-қатерлер мен проблемалар қандай?
– Әрине, құқықтық қатынастардың жаңа жүйесін құру оңай жұмыс емес. Ол уақыт пен терең талдауды қажет етеді. Біз қазір тәжірибе жинақтау сатысындамыз. Конституциялық сот өз қызметін 2023 жылдан бастады, жұмыс істеп жатқанымызға жарты жыл толған жоқ. Жұмыс тәжірибесінен біз азаматтар мен заңгерлердің тарапынан жоғары қызығушылықтың бар екенін байқаймыз, бұған бізге түскен өтініштердің саны дәлел бола алады.
Жақын уақытта біз парламентке елдегі конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы Жолдауымызды ұсынамыз. Ол жерде осы жарты жылға жуық уақытта жинақталған құқықтық жүйедегі проблемалар мен азаматтардың өтініштерде көтерген мәселелері бойынша ақпаратпен бөлісеміз. Конституциялық сот – парламент немесе жергілікті өзін-өзі басқару секілді құқықтық мемлекеттің ажырамас атрибуты және ол жұмыс істейді.
– Қазақстанның Конституциялық соты елдегі Конституцияның сақталуына қалай кепілдік береді?
– Жоғарыда атап өткенімдей, бұл орган Ата заңның елімізде үстемдігін қамтамасыз етеді. Конституциялық соттың қорытынды шешімдері Қазақстан Республикасының атынан шығарылады. Олар еліміздің бүкіл аумағында жалпыға бірдей міндетті, түпкілікті және шағым жасалуға жатпайды.
– Конституцияға сәйкес сөз бостандығын, жиналыстарды немесе діни нанымдарды қандай жағдайларда шектеуге болады?
– Конституцияда сөз бен шығармашылық еркіндігіне кепілдік беріледі. Цензураға тыйым салынады. Сондай-ақ әркім өзінің қай дінге жататынын өзі анықтауға және оны көрсету-көрсетпеуге құқылы. Ата заңда азаматтардың бейбіт әрі қарусыз жиналыстар, митингілер мен шерулер өткізуге құқығы бар екені бекітілген. Азаматтардың бұл құқықтары белгілі бір жағдайда, яғни мемлекеттік қауіпсіздік, қоғамдық тәртіп, денсаулық сақтау, басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мақсатында ғана заңмен шектелуі мүмкін.
– Конституциялық сот судьяларының тәуелсіздігі мен оларға қол сұғылмаушылықты қандай тетіктер қамтамасыз етеді?
– Конституциялық сот судьяларының тәуелсіздігі мен оларға ешкімнің тиіспеушілігі Конституциялық сот туралы Конституциялық заңда көрсетілген.
Конституциялық соттың судьяларын өз өкілеттігі мерзімі ішінде парламенттің келісімімен ғана ұстап алуға, күзетпен ұстауға, үйқамаққа алуға, күштеп әкелуге, сот тәртібімен қолданылатын әкімшілік жазалау шараларын қолдануға, қылмыстық жауаптылыққа тартуға болады. Оларға заңға сәйкес қылмыс орнында ұстап алынған не ауыр немесе аса ауыр қылмыстар жасаған жағдайларда ғана тиісті шаралар қолданылады.
– Егер Қазақстан азаматтары өздерінің конституциялық құқықтары бұзылған деп есептесе, Конституциялық сотқа қалай жүгіне алады? Қандай жағдайларда жүгіне алады?
– Азаматтардың Конституциялық Сотқа жүгіну тәртібі мен шарттары "Конституциялық сот туралы" Заңның 45-бабында нақты белгіленген. Қайталап өткен жөн болар, Конституциялық сот – қандай да бір заңның немесе өзге де нормативтік құқықтық актілердің немесе олардың нормаларының Конституцияға сәйкес келетінін немесе келмейтінін бақылайтын орган. Осы талаптарға сәйкес, егер азамат нақты бір заңның нормасы оның құқығын бұзады немесе шектейді деп есептесе және ол нақты бір өмірлік жағдайда оған қатысты қолданылса, сотта қолданылған болса, соттың шешімі күшіне енген болса, сондай-ақ соттың шешімінің заңды күшіне енгеніне бір жыл өтпесе, ол осы органға өтінішпен жүгіне алады.
Бірақ бұл шарттарда кейбір ерекшеліктер бар. Егер заңның нормасы кесімді (үзілді-кесілді) болса, ол норманы түсіндіруде түрлі нұсқаларға жол берілмесе, азаматтың нақты қандай іс-әрекеттер жасайтынын тікелей көрсетсе, онда азамат сотқа бармай-ақ, бірден Конституциялық сотқа жүгіне алады.
– Қазақстанның Конституциялық соты азаматтардың құқықтары мен қоғамдық мүдделерді қорғау арасындағы тепе-теңдікті қалай табады?
– Конституциялық сот заңдар мен мемлекеттік органдардың актілерінің конституциялылығы тұрғысында азаматтардың құқықтары мен қоғамдық мүдделерді қорғау арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Әр елдің конституциялық сотының жұмысында өзіндік жүйесі мен көзқарасы болуы мүмкін, бірақ ортақ қағидаттар бар. Мәселен, конституциялық негіз – Конституциялық сот өз шешімдерін Конституцияның негізінде шығарады; Конституцияны түсіндіру: Конституциялық соттың конституцияны түсіндіруге және оның ережелерінің мағынасын анықтауға құқығы бар. Түсіндіру барысында сот Конституцияның негізгі принциптерін, заң шығарушылардың мақсаттарын, сондай-ақ халықаралық нормалар мен стандарттарды ескереді.
Бұл тәсіл сотқа азаматтардың құқықтары мен қоғамдық мүдделер арасындағы әділ тепе-теңдікке қол жеткізуге мүмкіндік береді; тепе-теңдік және қажеттілік: Конституциялық сот мемлекеттік органдардың заңдары мен іс-әрекеттерінің конституциялылығын талдау кезінде тепе-теңдік қағидатын қолданады. Ол шектеулер қоғамдық мақсаттарға қаншалықты сәйкес келетінін бағалайды және бұл шектеулердің қаншалықты қажет және тепе-тең екенін анықтайды; Құқықтық прецеденттер: Конституциялық сот конституциялық принциптерді қолдануда дәйектілік пен болжамдылықты қамтамасыз ету үшін алдыңғы істер бойынша өз шешімдеріне сүйене алады. Бұл азаматтардың құқықтары мен қоғамдық мүдделер арасындағы тұрақтылық пен тепе-теңдікке қол жеткізуге көмектеседі; сонымен қатар, отырыс барысында конституциялық іс жүргізуге қатысушы болып табылатын барлық тараптардың ойын тыңдайды және талдау жүргізеді.
Жалпы Конституциялық сот Конституцияға, тепе-теңдік пен қажеттілік принциптеріне, конституцияны түсіндіруге және тараптардың қатысуына сүйене отырып, азаматтардың құқықтары мен қоғамдық мүдделері арасындағы әділ тепе-теңдікті қамтамасыз етуге тырысады.
– Қазақстан кіретін халықаралық шарттар Қазақстан Республикасының конституциялық ережелеріне қаншалықты сәйкес келеді? Сәйкес келмейтіндері бар ма?
– Конституцияның 72-бабына және Конституциялық сот туралы Конституциялық заңның 23-бабына сәйкес Конституциялық сот президенттің, парламент палаталары төрағаларының, парламент депутаттары жалпы санының кемінде бестен бір бөлігінің, премьер-министрдің және Бас прокурордың өтініші бойынша республиканың халықаралық шарттарын бекіткенге дейін олардың Конституцияға сәйкестігін қарауға құзырлы. Бүгінге күнге аталған мәселе бойынша Конституциялық сотқа өтініш түскен жоқ.
– Қазақстанда Конституциялық сот мүмкіндіктерін кеңейту үшін қандай жоспарлар алға қойылып отыр?
– Конституциялық бақылау органы өз қызметін небәрі 5 айға жуық уақыт бұрын бастаса да, біраз ауқымды жұмыстар атқарды деп айтуға болады. Осы күнге дейін азаматтардан 3 мыңға жуық өтініштер келіп түсті. 17 өтініш бойынша қорытынды шешім шығарылды: мемлекет басшысынан – 2, парламент депутаттары тобынан – 1, азаматтардан – 13, Конституциялық Кеңестің нормативтік қаулысын түсіндіру туралы бір өтініш.
Әрине, бұл тек аз уақыт ішінде атқарылған жұмыс. Мұнымен қоса, біз кәсіби заңгерлер қауымдастығымен, жоғары оқу орындарымен, дипломатиялық корпус өкілдерімен кездесу өткізіп, өзара іс қимыл жасасу туралы меморандумдар бекіттік. Астана және Алматы қалаларында 500-ден аса студент жастармен кездесіп, өз қызметіміз жайлы ақпаратпен бөлісіп, оларды қызықтырған сұрақтарға жауап бердік. Ондағы басты мақсат - жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру және оларды еліміздің конституциялық өміріне белсенді қатыстыру.
Сондай-ақ қазіргі таңда шетелдік конституциялық бақылау органдарымен тығыз қарым-қатынас орнатып, өзара тәжірибе алмасатын жоспарларымыз бар.
Қорытындылай келгенде, Конституциялық сот адам құқықтарын қорғау жүйесінің басты тірегі болуы тиіс. Конституциялық бақылаудың барлық органдары қызметінің айрықша ерекшелігі практиканы терең білумен теориялық, ғылыми тәсілдердің үйлесімі болып қала береді.
Конституциялық сот тек әділет (әділеттілік) салтанатын орнатып қана қоймай, адамның, қоғам мен мемлекеттің қазіргі қажеттіліктеріне жауап беретін және сонымен бірге ақиқаттан алшақтамайтын құқықтың үстемдігін қамтамасыз етілуі тиіс деп санаймыз.

"Жиырмадан асқан жігіттер қырындайды": Қызының қатарласындай жас көрінетін 40 жастағы қазақстандық әйел желі жұлдызына айналды
