Конституциялық сот Қазақстандағы ерлерге қатысты кемсітушілік фактісін тексермек
Фото: akorda.kz
Конституциялық сот жауапкершілікке тартылған жүргізушінің өтінішінен кейін әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстегі норманы жыныстық белгі бойынша кемсіту бар-жоғын анықтау үшін тексермек. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Конституциялық сотта азаматтың өтініші бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 50-бабы екінші бөлігінің Конституцияға сәйкестігін қарау жөнінде отырыс өтті.
Арызданушының пікірінше, дауланып отырған он төрт жасқа дейінгі балалары бар әйелдерді ғана әкімшілік қамауға алуға тыйым салатын даулы норма Конституцияның 14-бабына қайшы келеді, өйткені бұл гендерлік белгі бойынша кемсітушілікке әкеледі және он төрт жасқа дейінгі балалары бар ерлердің құқықтары мен мүдделерін бұзады.
Соттың мәліметінше, бұған дейін өтініш беруші автокөлікті мас күйінде басқарғаны үшін сотпен кінәлі деп танылып, 15 тәулікке әкімшілік қамауға алу және 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыру түріндегі әкімшілік жазаға тартылған.
“Сот оның 14 жасқа дейінгі, ата-анасының қамқорлығына мұқтаж баласы бар екендігі жөніндегі дәлелдерін ескермеген. Сот бұл мән-жайды дауланып отырған норманың талаптарына жатпайды деп есептеген, өйткені баланың ата-аналық құқықтарынан айырылмаған анасы, сондай-ақ кәмелет жасқа толған ағасы мен әпкесі бар”, – делінген хабарламада.
Конституциялық соттың аталған нормаға қатысты қабылдаған шешімі соттың ресми сайтында жарияланатыны атап өтілді.
Еске салсақ, бұған дейін Конституциялық сот Қазақстанда декреттегі әкелердің құқығы шектелгенін мәлімдеген еді.