Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Конституциялық реформа қарапайым халыққа не береді? Мемлекеттік хатшы көптің көкейінде жүрген сұраққа жауап берді

Конституциялық реформа қарапайым халыққа не береді? Саясаттан алыс, қарапайым тұрғындар бұдан не ұтады? Конституциялық түзетулердің халқымызға қандай пайдасы бар? ҚР Мемлекеттік хатшысы Ерлан Қарин өзінің Youtube қаналында осы сұрақтарға жауап берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Ерлан Қариннің айтуынша, бұл реформаның оң әсерін еліміздің бүкіл азаматы сезінетін болады.

“Бірінші. Конституциялық кеңес Конституциялық сот болып қайта құрылады. Ол осы органның атауы ғана өзгереді деген сөз емес. Құзыры одан әлдеқайда ауқымды, мүлде басқа, жаңа институт пайда болады. Конституциялық сот Ата заңға қайшы келетін кез келген заңның немесе өзге де құқықтық актінің күшін жоя алады", - дейді Ерлан Қарин.

Сондай-ақ, ол Конституциялық сотқа жүгіну тәртібі қалай реттелетінін айтып берді.

"Конституциялық сотқа Президент, Сенат пен Мәжіліс төрағалары, Парламент депутаттарының кем дегенде бестен бірі, Премьер-Министр, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл, Бас прокурор және ең бастысы, еліміздің кез келген азаматы жүгіне алады. Яғни, кез келген азамат қандай да бір нормативтік акт оның Ата заңда бекітілген бостандықтары мен құқықтарын шектейді деп санаса, Конституциялық сотқа шағымдана алады. Мұндай құқықтардың ауқымы кең. Конституциялық соттың шешімі қабылданған күннен бастап күшіне енеді және еліміздің бүкіл аумағында жалпыға міндетті саналады. Мұндай түпкілікті шешімдерге шағым келтіруге болмайды. Конституциялық соттың құрамын президент және парламент палаталары жасақтайды. Бұл ретте оның судьяларына саяси партияның мүшесі болуға тыйым салынады. Осылайша Конституциялық сот тәуелсіз, объективті, дербес, бейтарап шешім қабылдайтынорган болады ", - деді Мемлекеттік хатшы.

Бұнымен қоса Ерлан Қарин бір мандатты сайлау оркугтерінің не үшін енгізілетінін түсіндіріп берді.

 "Бір мандатты сайлау округтері енгізіледі. Яғни, саяси партиялармен қатар Мәжіліске және облыстық мәслихаттарға партияға мүше емес депутаттар сайлана алады. Ал қалалық және аудандық мәслихат депутаттарын түгелдей бірмандаттық округтер арқылы сайлау жоспарланып отыр. Бұл өзгеріс сайлаушыларға не береді? Біріншіден, қазір азаматтардың көпшілігі мәслихаттағы өз депутаттарын танымайды. Өйткені олар партиялық тізім бойынша сайланады. Енді азаматтар сайлауда өзі қалаған партияға ғана емес, нақты кандидатқа дауыс бере алады. Тіпті өз кандидатын да ұсына алады. Сол арқылы депутаттардың сайлаушылар алдындағы жеке жауапкершілігі артады", - деді ол. 



Оның сөзінше, бір мандаттан сайланған депутаттар өз сайлаушыларын толғандыратын мәселелерді шешу үшін барын салуға мәжбүр болады.

"Мұндай мәселелер көп. Атап айтқанда, жол жөндеу, таза сумен қамтамасыз ету, жаңа мектеп немесе аурухана салу, жастарды жұмыспен қамту сияқты түйткілдер жиі көтерілетіні жасырын емес. Оның бәрі барынша шұғыл және сапалы шешіледі. Сондай-ақ сайлаушыларға бір мандатты округ бойынша сайланған депутаттарды кері қайтару құқығы беріледі. Бұл – жаңа механизм. Егер депутат сайлаушыларының сенімін ақтамаса, жұмысын тиімді атқармаса, оның өкілеттік мерізімі аяқталуын күтпестен, лауазымнан босатуға болады. Осылайша Мәжілістің де, мәслихаттардың да депутаттары өз сайлаушыларының, яғни, сіздердің алдарыңызда тікелей жауапты болады", - деді Мемлекеттік хатшы.

Сондай-ақ Ерлан Қарин конституциялық реформа аясында әкімдерді сайлау және тағайындау тәртібі қалай өзгеретінін айтты.

"Облыс әкімдерін тағайындаудың жаңа тәсілі енгізіледі. Әкімдерді өңірдегі бүкіл мәслихат депутаттарының келісімі бойынша баламалы негізде тағайындау ұсынылып отыр. Бұл қалай жұмыс істейді? Президент облыс, республикалық маңызы бар қала және елорда әкімінің лауазымына кем дегенде екі үміткер ұсынуға міндетті. Облыстық, аудандық және қалалық мәслихат депутаттарының бәрі осы үміткерлерден таңдау жасайды. Әкімдікке лайықты кандидат депутаттардың жалпы дауыс беруі нәтижесінде тағайындалады. Яғни, әкімшілік сенім білдірген азамат әкім болады", - дейді Қарин. 

Оның айтуынша, аталған түзетулердің арқасында әкімдердің дербестігі артуы керек.

"Қазір ауыл әкімдерін тұрғындар тікелей сайлайды. Бұл тұрақты үрдіске айналды. Енді аудан және қала әкімдерін сайлауға дайындық жүргізіліп жатыр. Облыс әкімдерін депутаттар дауыс беру арқылы баламалы негізде сайлайтынын бұған дейін айттық. Сондай-ақ, Президенттің аудан, қала, ауыл әкімдерін лауазымынан босату құзыретін Конституциядан алып тастау ұсынылады. Тіпті Президенттің облыс, республикалық маңызы бар қала және елорда әкімдерінің актілерін толығымен немесе ішінара жою, тоқтату құзыретін де алып тастау ұсынылып отыр. Соның нәтижесінде әкімдер барынша дербес жұмыс істейді, тұрғындардың мүддесіне басымдық береді", - деді Ердан Қарин.

Мемлекеттік хатшы конституцияға енгізілетін өзгерістер қабылданатын болса әрбір азаматымыздың өміріне тікелей әсер ететін оң өзгерістер бұнымен шектелмейтінін жеткізді. 

Айта кетсек, Ата Заңның енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар жобасы туралы республикалық референдум 2022 жылғы 5 маусымда өтеді. 

Айнұр Мұхади
Жұма, 27 Мамыр, 2022 15:04
Талқылау