Қонаев тұрғындарының наразылығынан кейін жаңа жылдық безендіруге жұмсалған қаражат тексеріледі
Әлеуметтік желіде Қонаев қаласын жаңа жылға орай безендіруге 148 миллион теңге бөлінгені туралы ақпарат тарады. Қонаев әкімдігі жаңа жылдық безендіруге кеткен шығынды есептеу үшін тексеру жүргізілетінін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Gallery.world/wallpaper
Талдықорғандық блогер Қайрат Әбдірахман Қонаевты жаңа жыл қарсаңында безендіру үшін бюджеттен 148 миллион теңге бөлінгенін айтты. Оның сөзінше, безендіруге арналған бұйымдардың сапасы сын көтермейді. Сондай-ақ қала тұрғындары “2025” жеген жазудың көлемін өлшеп, оның техникалық құжаттамаға сай келмейтінін анықтады.
“Қалалық ТҮКШ және ТҮИ бөлімінің мемлекеттік тапсырысын орындауға портал арқылы "Жасыл қала Қонаев" ШЖҚ МКК таңдалған. Аталған мекеме орталық алаңға шырша, Д.Қонаев ескерткіші маңына “2025” мерекелік жазуын, түрлі ойыншықтар орналастырып, №5 жағажай аумағын безендіріп, саябақ, көпір, қалаға кіреберістегі стела мен аллеяларды жарықтандырған, мерекелік ойыншықтар қойған. Мемлекеттік тапсырысты беру кезінде жаңа жылда ғана емес, жыл соңына дейін нысандар жарықтандырылады”, – деп мәлімдеді әкімдік.
Осыған байланысты Қонаев қаласының әкімдігі мердігер компания тәуелсіз аудиттерге жүгінген. Аудиттің нәтижесіне сәйкес, кемшіліктер анықталса, әкімдік тарапынан мердігерге қатысты тиісті шаралар қабылданады.
“№5 жағажай туристерді тарту мақсатында безендірілді. Шағын сәулеттік нысандар "Жасыл қала Қонаев" ШЖҚ МКК балансында қалып, келер жылы да пайдаға асады”, – деп атап өтті әкімдіктегілер.
Сондай-ақ олар жыл соңында қаланы безендіруге мемлекеттік тапсырыс тек қосымша әрлеу ретінде жасалатынын айтып, уәде берді.
Бұған дейін Павлодарда ерекше безендірілген тұрғынның үйі жұртты тәнті еткен еді.