Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Мәдениет және спорт министрлігі 10 жылдан бері аулада қалған Қонаев ескерткіші неліктен орнатылмайтынына жауап берді

Дінмұхамед Қонаев пен Асанбай Асқаровтың бірге тұрған ескерткішінің аулада тұрғанына 10 жылдан асты. Мәдениет және спорт министрлігі осы орайда Stan.kz ақпарат агенттігіне Шымкент қаласындағы елеусіз қалған құнды мұраның неліктен орнатылмай қалғанына жауап берді. 

Министрлік Шымкент қалалық әкімдігінің идеялық ұсыныс хат жолдағанын растады. Бірақ оны комиссия қарауына жіберуден бас тартқан. Себебі ол толық көлемде жасалып қойған екен. Ал қазіргі таңда қандай да бір тұлғаға ескерткіш қою үшін алдымен сызбасы жасалады, содан кейін рұқсат берілсе ғана жасалады, орнатылады.

“Әкімдіктер ескерткішті орнатпас бұрын, бұл мәселені Мәдениет және спорт министрлігінің жанындағы Монументтік өнер құрылыстарын орнату жөніндегі комиссиясына идеялық тұрғыдан қарауға ұсыныс хат жолдайды. Қолдау тапса, ескерткіштің жұмыс жобасын ұсынады. Аталған комиссия ескерткіштердің жұмыс жобасын сапалы шығармашылық орындау, портреттік ұқсастықты ашу және тарихи оқиғаны бейнелеу тұрғысынан қарайды. Жұмыс жобасы жұмсақ материалдан жасалған белгіленген көлемде ұсынылады. Осы орайда Шымкент қаласының әкімдігі Дінмұхамед Қонаев пен Асанбай Асқаровқа ескерткіш қою жөніндегі идеясын Комиссия қарауына жолдаған болатын. Алайда хат комиссия отырысында қаралған жоқ. Өйткені аталған ескерткіш жасалып қойған, - делінген министрлік жауабында. 

Яғни дайын ескерткішті комиссия қарамайды екен. Себебі оны өзгерте де, түзей де алмайды. Сонымен қатар министрлік қазіргі уақытта ескерткішті тек қандай да бір көрнекті тұлғалардың мерейтойларына орайластырып орнатылатынына да тоқталған. Мұндай шешім Мемлекет басшысының еліміздегі ескерткіштер орнату жөніндегі жұмысты жүйелендіруге қатысты тапсырмасы аясында қабылданған. 

Еске салайық, Stan.kz бұған дейін ел аузында аңызға айналған ескерткішті Ержан Қалдыбаев қалай жасатқанын, дайын болғанда Қонаевтың жақындары, Асанбай Асқаровтың жолдасы арнайы келіп, өз бағаларын беріп, құранын бағыштап риза болып кеткенін айтып берген еді. Кейін бұл мәселе бойынша Шымкент қалалық әкімдігіне сауал жолданды. Әкімдік бір жыл ішінде 2 мәрте ұсыныс хат жолдаумен шектелгенін түсіндірді. 

Талқылау