Көмір үшін талас: Алматы облысының әкімдігі видеоға қатысты түсінік берді
Желіде көмір үшін таласқандардың видеосына қатысты Алматы облысының әкімдігі түсініктеме берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бейнежазбада қолдарына қап ұстаған жүздеген халық жапатармағай көмір алып, жанталасып жатқанын көруге болады. Аталған видео әлеуметтік желіде жылдам тарап, халықтың наразылығын тудырды. Тіпті желі қолданушылары бұл оқиға Алматы облысында болған деген пікірлерін қалдырды. Алайда, облыс әкімдігі ол видеоның Жетісу өңіріне мүлдем қатысы жоқ екенін мәлім етті.
«Әлеуметтік желіде аталған оқиға Алматы облысында болған дейді. Ресми түрде мәлім етемін, бұл оқиғаның біздің өңірге мүлдем қатысы жоқ. Болжам бойынша, Қырғызстан елінде болған. Және де көліктердің көмір сататын қойма алдында бір-біріне жол бермей жатқан сәтінен де әлеуметтік желіде видео тарады. Бұл видеоның да біздің өңірге қатысы жоқ. Бейнероликтегі оқиға нақты қай облыста болғанын біз анықтадық. Бірақ ол өңірді атамауды жөн көріп отырмыз», – деді Алматы облысы әкімінің баспасөз хатшысы Ғалымұрат Жүкел.
Баспасөз хатшысының айтуынша, қазіргі таңда Алматы облысында 29 400 тоннадан астам көмір бар. Ал ертең тағы 16 мың тонна көмір келеді деп күтілуде.
Көмір тапшылығына әкімдер кінәлі. Энергетика министрі Қанат Бозымбаев Алматы мен Алматы облысының басшыларын сын қырына алды. Қыс ортасында көмір таппай сабылғандардың мәселесін жергілікті атқамінерлер шеше алмағандықтан, министрліктің өзі енді бұл іске араласпақ. Айта кетейік, өткен аптадан бері оңтүстік өңірдегі тұрғындар жағарға кесек отын таппай, шу шығып жатыр.
Қанталапай. Ортаға шашылған асықты талап алатын ұлттық ойынды білетін шығарсыз. Көмір үшін де биыл сондай талас болды. Әлі де жалғасып жатыр. Үлгергені алды, қолы жетпегені қалды. Тапшылықтан сұраныстың көбейгенін білген ортадағы делдалдар бағаны шарықтатып, көпшілік қалтасын қағып та жатыр. Кесек отын үшін керіс көбейіп кетті. Ал, жергілікті атқамінерлердің бұл жағдайды реттеуге мүлде құлқы жоқ сыңайлы.
Әкімдердің жайбасарлығы, тапшылыққа бастарын қатырмауы министр Қанат Бозымбаевтың ашуын туғызды. Көмір тапшылығы қолдан жасалған боп шықты. О баста жағдайдың ушығуы жүк вагондарының жетіспеуінен деген еді. Сөйтсе, жауапты компаниялар дер кезінде келісім-шарт жасамаған. Олардың жауапсыздығы талай жұртты жауратып, күшіне мінген қаңтарда көмірсіз қалдырды.
“Жергілікті органдар қатаң бақылауда ұстау керек бұл мәселені. Мен тиісті әкімдермен өзім өткен аптада, осы аптада сөйлескем. Қазір 16 мың тонна көмір Алматыға және Алматы облысына жөнелтілді. Бүгін-ертең тупиктерге келіп, сатылатын болады”, – деп хабарлайды ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев.
Министр айтқан, кешікпей жетер деген кесек отыннан бірақ әзірге хабар жоқ. Алматыдағы көмір сататын негізгі орталықтар тым-тырыс. Көпшілік мазаламасын дегені ме, сыртқы дарбазаларын да жауып тастаған. апшылықтан тарыққан тұрғындар не істерін білмей шаһарды шарлап жүр. Қайда барса да таулары шағылады. Еститін жауаптары біреу: «Көмір жоқ!»
“Байсеркеге бардым. Қаланың ішінде бәрін іздедім. Бәрінде жоқ. Барының көмірлері нашар”, – дейді Алматы қаласының тұрғыны Ерлан Молдаби.
“Халықтың жағдайын әкімшілік, ешкім жоғары жақтағылар ойланбайды. Халыққа өте қиын. Мұғалім, дәрігерлердің жалақысы өте аз. Көмірдің бағасы аспандап кете береді”, – дейді Алматы қаласының тұрғыны Шолпан Жақсыбекова.
Жырымдап таратылған көмірден жұртшылық жаға жыртысатын жағдайға жеткен. Көмір базаларында иін тірескен кептелісте бір біріне жол бермей ентелеген жүк көліктері өгіздей жұлқынып тұр.Энергетика министрі жағдайды қадағалап, енді өзі реттеймін дегенімен Алматыға көктем ерте келеді. Көмір тапшылығы онсыз да шешіледі. Ақсақ қой түстен кейін маңырайдының кебі келмесе болғаны.
Оқи отырыңыз:
Жоғарғы сот алдында өзін өртеген әйел: Әділдік болмаса тағы да өзімді өлтірем
Елімізде әйелдер уақытылы зейнетке шыға алмайтын болды
Әке, өлсем осы жердегілер жауап береді: Семейде сотталушы түрмедегі азапқа шыдамай шеге жұтқан