Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Көмек ала алмадық": Ауыр дертке шалдыққан балалардың аналары неге шетел медицинасына сенетіндерін айтты

Қазір қазақстандық науқас балалардың басым көпшілігі шетелде ем алуда. Халықтан көмек сұрап, баласының емі үшін шетел асып жатқан ата-аналар не себепті мемлекет тарапынан қолдау көрсетілмейтіні туралы айтып берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі “Информбюро” жаңалықтарына сілтеме жасап. 

Алтынай Құрмашеваның қызы Мәриямда 3 жасар кезінде миының қатерлі ісігі анықталған. Отандық дәрігерлер науқастың дертіне дауа қонуы екіталай, нәбәрі 1 пайыз ғана мүмкіндік бар депті. Баласының өмірі қыл үстінде тұрған соң, ата-ана Корей елінің дәрігерлеріне жүгінген. Нәтижесі жаман емес. Баланың бетін бері қаратқан клиниканың қызмет ақысы 16 миллион теңге болыпты. Бар жиған-тергенін берсе де, әлі алты миллионға жуық ақша жетпей тұр екен.

“Қазақстан тарапынан көмек ала алмадық. Бізге көмек берілмеді. Осы уақытқа дейін халықтың арқасында келе жатырмыз ғой. Бір Алланың сосын халықтың”, – дейді Алтынай Құрмашева. 

Қатерлі ми ісігіне шалдыққан тағы бір қазақтың қара домалағы Кореяда ем қабылдап жатыр. 8 жасар Асанәлінің ата-анасы тәуекел деп Қазақстанда ота жасатыпты. Бірақ нәтижесі көңіл көншітпеген. Корей мамандары Қазақстандық дәрігерлердің жіберген нақты қателігін түзедік депті. Енді 13 миллион теңге ақысын төлеу ғана қалған. Бірақ бұл отбасының да шама-шарқы жетпей, жұрттың қолғабыстық танытуын сұрайды.

“Қайта мрт жасаған кезде Асанәліде ісіктің кішкентай бөлігі қалып қалды деп, толығымен алынбаған деп қазақстанда екінші отаға дайындады. Сонымен, 8-ші шілде Асанәліге 2-ші ота жасалынды. Содан кейін асанәліге біз 3 курс химиятерапиясын алдық”, – дейді Азамат Асанәлінің әпкесі Айым Манабаева.



Мәриям мен Асанәліні де 4-ші дәрежелі қатерлі дерттен құлан таза айықты деуге келмейді. Балалар 5 жыл дәрігерлердің бақылауында болады.

“ҚР қылмыстық кодекс 371 бапқа байланысты сол салғырттық жасаған тұлға мемлекеттік функцияны атқарушы лауазымды адам тиесілі жазаға тартылады. Жеңіл-желпі зардап келтірілген жағдайда 1 жылға дейін бас бостандығанан айырылуы мүмкін. Үлкен зардапқа әкеліп соққан жағдайды ол 371 баптың 2-ші бөлімі бойынша 4 жылға дейін бас бостандығынан айырлуы мүмкін”, – дейді Халықаралық құқық қорғау орталығының президенті Жанділдә Жақыпов. 

Дәл қазіргі уақытта еліміздегі 4 мың бала аты жаман аурумен күресіп жатыр. Қазақстанда жыл сайын 600-ге жуық бала обыр дертіне шалдығады екен. Оның 40 пайызына лейкоз, яғни ақ қан деген диагноз қойылады. Бұдан бөлек сирек кездесетін қауіпті ауруға ұшырайтындар тағы бар. Ал Республика бойынша қатерлі ісік дертіне шалдыққан балаларды емдейтін екі-ақ орталық жұмыс істейді.

Дана Русланқызы
Жұма, 10 Қыркүйек, 2021 09:05
Талқылау