Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Командир суға құлайтынымызды айтты": Ақтаудағы ұшақ апатында аман қалған бортсерік оқиғаның қалай болғанын айтып берді

25 желтоқсан күні Ақтау маңында құлаған Azerbaijan Airlines ұшағының апатында аман қалған бортсерік оқиғаның қалай болғанын айтып берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі АРА TV арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Видеодан скрин

Әзірбайжан журналистеріне сұхбат берген бортсерік Зулфугар Асадов ұшаққа сырттан соққы жасалғанын айтты. 

“25 желтоқсанда таңғы сегізде ұшақ Бакуден Грозныйға ұшты. Қонғалы жатқанда Грозный әуежайын тұман басып тұрғанын көрдік. Командир төмендейді, бірақ нашар көрінгендіктен ол екінші айналымға, содан кейін үшінші айналымға өтеді. Нәтижесінде пилорттар ең жақын әуежайға ұшу туралы шешім қабылдады. Сырттан біртүрлі дыбыс естілді. Бортсерік Айдан Рахимли екеуміз кабинаға бардық. Жолаушылар дүрбелеңде, біз оларды тыныштандырдық. Екінші соққы естіледі. Осы кезде қолым жараланды, қолымды балтамен ұрғандай сезім болды. Салоннан шыққанда үшінші соққы болды”, – дейді бортсерік.



Зулфугар Асадовтың айтуынша, ұшақ командирі алғашында суға қонатындарын айтқан. Сондай-ақ бортсерік ұшақтың ішінде оттегі баллоны жарылды деген ақпаратты жоққа шығарды. 

“Командир суға қонатынымызды хабарлады. Біз нұсқауларға сәйкес әрекет еттік. Жолаушылар құтқару кеудешелерін киді. Оттегі баллоны жарылған жоқ, бұл жалған ақпарат. Командир шешімін өзгертіп, суға емес, құрлыққа қонатынымызды хабарлады. Суда жолаушылардың барлығы өліп кетуі мүмкін. Сыртқы әсерлерден қозғалтқыштың жұмысы бұзылды. Ұшқыштар ұшақты биіктіктен жоғалтпай ұстауға тырысты. Біз жерге құладық, ұшақ екі бөлікке бөлініп кеткен екен. Мен өлдім деп ойлаймын. Бірақ есімді жидым, қан кетіп жатыр, тыныс алу қиын. Айдан екеуміз есік алдында жатырмыз, есікті ашуға тырыстым, ішке ауа кіріп, жеңілдеп қалдық. Біз жолаушыларға көмектесіп, бірге шығамыз. Бізді құтқарушылар күтіп тұрды. Аллаға шүкір, тірімін. Мұның бәрі командир мен екінші ұшқыштың ерлігінің арқасында”, – дейді Зулфугар Асадов. 

Айта кетейік, бұған дейін Ақтаудағы ұшақ апатынан аман қалған стюардесса Айдан Рахимли де журналистерге сұхбат беріп, ұшақта оттегі баллоны жарылмағанын, ұшаққа үш рет соққы жасалағынын айтып берген еді. 

Еске салсақ, 25 желтоқсанда Әзірбайжан әуе жолдары компаниясына тиесілі Embraer E190AR ұшағы Ақтау қаласындағы әуежай маңында апатқа ұшыраған еді. Бортта 67 адам болған. Оның 38-і қаза тауып, 29 адам аман қалды. Euronews, Reuters сияқты әлемдік басылымдарда Ақтаудағы ұшақ апатына ресейлік зымыран себеп болғаны туралы ақпарат жарияланды. Ақпаратты Әзірбайжан үкіметіндегі дереккөздер растаған. Ал ұшақ апатын зерттеу бойынша комиссия төрағасы, вице-премьер Қанат Бозымбаев ұшақ апатының себебіне қатысты ешқандай нұсқаны растап немесе жоққа шығара алмайтынын мәлімдеді. 

Талқылау