"Қолынан ұрды": Жетісу облысында әйел сырқаты туралы анықтама бермегені үшін мейіргерге тап берді
Жетісу облысы Кербұлақ ауданының тұрғыны еңбекке жарамсыздық парағын беруден бас тартқан медицина қызметкері мен емхана басшысына шабуыл жасады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Рixabay.com
Оқыс жағдай қазан айының басында болған. Кербұлақ аудандық ауруханасы жергілікті тұрғынның ұлына еңбекке жарамсыздық парағын беруден бас тартқан. Сөйтіп мәселені шешуге ер адамның анасы келген.
“Кербұлақ орталық аудандық ауруханасы қызметкерлерінің еңбекке жарамсыздық парағын беруден бас тартуына байланысты М. емхана меңгерушісі К.-нің кабинетіне дауыс көтеріп кіріп келген. Меңгеруші кабинетіне кірген М. қолына телефон алып, ұлының сырқаты туралы анықтама бермегені ашуланып, видеоға түсіре бастаған. Осы кезде К. өз ұялы телефонына болған жағдайды түсіре бастағанда М. емхана меңгерушісінің қолынан ұрды. Салдарынан телефон диванға құлап кетті”, – деп мәлімдеді облыстық сот.
Медициналық сараптама К.-ның оң жақ білегінің көгергенін анықтады. Сараптама нәтижесіне сәйкес, бұл қатты, доғал заттардың соғуынан болуы мүмкін. Дегенмен олар денсаулыққа зиян келтірмейтін жарақаттар ретінде қарастырылады.
Сот әйелдің жас балаларының барын ескеріп, жеңілдетілген жағдай ретінде таныды. Айыпталушы 100 сағат қоғамдық жұмысқа жегілді.
Сот үкімі заңды күшіне енді.