Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қолым жоқ болса да, балаларымды жетектедім": Ерекше қазақстандық әкенің оқиғасы жұртты таңғалдырды

Фото: Казинформ

Қызылордалық Бахтияр Өмірәлі қиын тағдырына қарамастан отбасын өзі күшімен асырап отыр. Ол әке болу, отбасын құру мен бала тәрбиесі туралы айтып берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Kazinform ақпарат агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Бахтияр туғаннан бастап екі қолсыз өмір сүріп келеді. Жолдасы Лаура да мүмкіндігі шектеулі жан — оған бала кезінен сал ауруы диагнозы қойылған. Екеуінің таныстығы, махаббат жолы оңай болмаған. Бірнеше жыл бойы туыстарының рұқсатынсыз кездесіп жүріп, ақыры ғашықтардың жүрегі табысып, 2010 жылы шаңырақ көтереді.

“Туыстарымыз алғашында қарсы болды. Үш жыл бойы тек күндіз ғана жасырын кездесетінбіз. Ақырында анам: "Бізге бірдеңе болса, оған кім қарайды? Үйленсін" деді. Осылайша екі жақтың пікірі өзгеріп, біз бас қостық”, – дейді Бахтияр.

Лаура да жұбайымен бірге өмірге деген көзқарастары, ұстанымдары мен ортақ армандары оларды біріктіргенін айтты. Дәрігерлер оған бала көтеруге болмайды деп ескерткен. Бірақ Лаура тәуекелге бел буып, бүгінде екі баланың анасы атанған.

“Жүктілігім ауыр өтті. Дәрігерлер баламның денсаулығы болмайды деді. Көп жыладым, тіпті түсік тастау туралы да ойладым. Бірақ бәрін Құдайға тапсырдым. Аллаға шүкір, балаларым аман-есен, сау туды”, – дейді ол.

Қазір ұлы мен қызы ата-анасына күнделікті тіршілікте көмектесіп жүр. Бахтияр балаларының әрқайсысымен ерекше байланыста екенін айтады.

“Қызым менімен, ұлым анасымен сырлас. Кішкентайлар кезінде балабақшаға өзім апаратынмын, олар жеңімнен ұстап жүретін. Қызым бұрын журналист боламын дейтін, қазір медбике болуды армандайды. “Өскенде ем жасап, укол салып тұрамын" дейді. Ұлым полицей не футболшы болғысы келеді. Екеуі де — біздің тірегіміз”, – дейді ол мақтанышпен.

Бала тәрбиесінде Бахтияр қаталдық пен махаббатты қатар ұстанады. Туыстарынан үйренген тәрбиеге өзінің әкелік жылуын қосып, балалардың еркін ойлап, ашық сөйлеуіне кедергі келтірмеген.

“Балаға "үндеме", "аузыңды жап" деп айтуға болмайды. Ондай болса оларды біз емес, бөтен адамдар тәрбиелейді. Біз: "Артыңда біз бармыз, бірақ арманыңа өзің жет" деп үйретеміз. Бір қиындық болса, алдымен өздері шешуге тырысуы керек. Біз тек ең соңында көмекке келеміз”, – дейді Бахтияр.

Отбасы тек мемлекеттік жәрдемақыға күн көреді. 17 жыл үй кезегінде тұрып, тек өткен жылы ғана пәтерлі болған. Барлық жөндеу жұмыстарын өзі жасаған. Екі қолы жоқ болса да, аяқ саусақтарымен теледидар, телефон жөндеп, моторларды бөлшектеп жинайтын, есік-терезе орнататын шеберлігі бар. Бұл шеберлікті ол әкесінің тәрбиесімен байланыстырады.

“Әкем қатал болатын. "Қолың жоқ" деп аяған жоқ. Қайта отқа да, суға да салғандай шынықтырды. Ағаларым да үлкен адам сияқты тапсырма беретін. Сол кезде ренжитінмін. Кейін түсіндім: олар мені өмірге дайындаған екен. Қазір отбасыма қамқор бола алсам — соның арқасы. Үйленген соң ата-анам бізбен бірге тұрды. Немерелерін көріп, содан кейін дүниеден өтті”, – дейді Бахтияр көңілі босап.

Бұл — үлкен жүрек пен қайсар рухтың оқиғасы. Бахтияр мен Лаура – өмірдің шынайы күресін жеңіп шыққан адамдар. Ал олардың балалары – ата-аналарының өміршеңдігі мен махаббатына куә ұрпақ.

Айнұр Мұхади
Жексенбі, 15 Маусым, 2025 17:21
Талқылау