Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Көліктің кілтін бостандыққа айырбастады: Мұқағали Мақатаевтың ұлы әкесін қорлаған блогерді кешірді

мұқағали

Фото: Видеодан скрин/Youtube.com/@zhetysutv

Алматы қаласы Наурызбай аудандық соты ақын Мұқағали Мақатаевты қорлаған блогер Әлішер Теменовке қатысты істі тоқтатты. Жұлдыз Мақатаев блогерге кешірім берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Orda.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Әлішер Теменов Қылмыстық кодекстің 131-бабы 2-бөлігі (Қорлау) бойынша айыпталды. Істі судья Бейнегүл Кайсина қарады.

16 маусым күні өткен сот отырысында жәбірленуші, ақынның ұлы Жұлдыз Мақатаев айыпталушыны кешіргенін айтып, судьядан қылмыстық істі тоқтатуды сұрады. Бұған дейін жәбірленуші 10 миллион теңге көлемінде моральдық өтемақы төлеуді талап еткен еді.

Теменов те өз кінәсін толық мойындап, кешірім сұрады.

“Біз өзара келістік. Сондықтан істі тоқтатуыңызды сұраймын. Қазір көлігімде 2 миллион теңге бар. Тағы 1 миллион теңгені он күннен кейін беремін. Әзірге көліктің кілтін қалдырамын. Қалған соманы берген соң көлікті қайтып аламын”, – деді айыпталушы. 

Судья үкім шығаруға кеткенде Әлішер Теменов Жұлдыз Мақатаевтың қолына 2 миллион теңгені ұстатып, көліктің кілтін табыстады. 


"Үстінен қылмыстық іс қозғалуы керек": Айқын Төлепберген Мұқағалиды "Сорлы еркек" деген блогер жігітке шүйлікті


"Cорлы еркек": Мұқағали Мақатаевты қорлаған тиктокер ақынның ескерткішіне барып, тізерлеп кешірім сұрады


Сот екі жақтың өзара келісімге келуіне байланысты істі тоқтатып, Теменовты қылмыстық жауапкершіліктен босатты. Азаматтық талаптың да күші жойылды. Десе де елден кетпеу туралы қолхат пен тиісті мінез-құлық туралы міндеттеме сот шешімі заңды күшіне енгенге дейін өз күшінде қалады.

Блогер ақынға қатысты айтқан сөздері үшін бүкіл халықтан кешірім сұрап, видео жариялауға уәде берді.

2024 жылы 8 қазанда Әлішер Теменов әлеуметтік желіге Мұқағали Мақатаевқа тіл тигізіп, бейәдеп сөзі бар видео жүктеген. Ақынның ұлы қорлау үшін кешірім сұрап қана қоймай, моральдық өтемақы ретінде 10 миллион теңге төлеуді талап етті

Айым Болатқызы
Дүйсенбі, 16 Маусым, 2025 16:17
Талқылау