Қоқыстан сәбиді тапқан әйел: Мен жақын маңда болмағанда үстіне қоқыс тасталып өліп кетуі мүмкін еді
Павлодарлық 53 жастағы әйел баланы дәріханаға бара жатқан жолда қоқыс контейнерінен байқап қалған.
Бала киімсіз болған. Жаялығы ашылып, қолдары көгере бастаған. Бұл жөнінде нәрестені құтқарушы Назира Омарова айтып берді, деп хабарлайды pavlodarnews.
«Кешкі сағат 19:30 кезінде дәріханаға бара жатқанда, жолды төтесімен кесіп, Гагарин көшесі, 40-үйдің қоқыс контейнерлерінің жанымен өтпек болдым. Екінші контейнерден баланың жылағанына ұқсас дауыс шыққанын естідім. Алғашында сенбедім. Мысықтар шығар деп ойладым да, қайта келдім. Қарасам, ортасына дейін қоқысқа толған, үстінде бала жатыр. Айналада ешкім болмады. Бір көлік өтіп бара жатты. Бізді емханаға тезірек апарар деп қол бұлғадым, тоқтамай кетті, – дейді Назира Омарова.
Назира Омарованың айтуынша, бала жаялыққа шала оралған, жұқа бас киімді, үстіне жұқалау көрпешік жабылған күйде болған. «Мен оны қолыма алып, құшақтап, сөйлесе бастап едім жылауын тоқтатты. Жүгірген бойы қызымның үйіне бардым. Ол жақын арадағы Пахомов көшесінде тұрады. Жолда телефон шалып, жедел жәрдем мен полиция қызметкерлерін шақырттым», -дейді құтқарушы.
Үйге келген соң құтқарушы оны жылы көрпеге ораған. Сәби жылынып, тынышталған. «Өзімде үш немерем бар. Егер мен естімей қалған болсам, қараңғыда ешкім көрмеуші еді, мен жақын маңда болмасам үстіне қоқыс тасталып, өліп кетуі мүмкін еді. Қазір менің қанатым өскен сияқты. Сәбиді құтқарып қалғаныма шексіз қуаныштымын. Оған бақытты ғұмыр тілеймін, – дейді Омарова.
Назира Омарова Павлодар облысы бойынша сот сараптамалары институтының биологиялық бөлімінде тазалаушы болып жұмыс істейді.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Павлодар қаласындағы қоқыс жәшігінен жаңа туған нәресте табылған еді.
Тағы да оқыңыз:
Талдықорғанда жүргізуші 10 жасар қыз бен оған тиіскен ер адамды автобустан далаға шығарып жіберген
ОҚО тұрғыны өз ұлының өлімі үшін сотталған баланың кінәлі екеніне сенбейді
Алматыда кинотеатр алдында сүйісіп отырған қазақ қыздары елді шошытты (видео)