Көкшетауда жоғары лауазымды шенеунік 8 жылға бас бостандығынан айырылды
Ақмола облысы құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Манапхан Қансейітов 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы "ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің жаңалықтары"Telegram-арнасында жазылды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Ведомство бұл істің Көкшетау қалалық сотында қаралғанын хабарлады.
“Көкшетау қалалық сотының үкімімен Ақмола облысы құрылыс басқармасы басшысының орынбасары М. Қансейітов кінәлі деп танылып, өмір бойы мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан шектеліп, 8 жылға бас бостандығынан айырылды.
Сол үкіммен "Сарапшы Арсенал" ЖШС құрылтайшысы Б. Шаймерденов пен "Көкшестрой Технадзор" ЖШС техникалық қадағалау инженері О. Ренн кінәлі деп танылып, сәйкесінше 7,5 және 7 жылға бас бостандығынан айырылды.
Оларға мемлекеттік қызметте 5 жыл мерзімге қызмет атқару құқығынан айыру түріндегі жаза қолданылды”, – делінген хабарламада.
Тергеу барысында сотталғандардың Щучинск қаласында жүз пәтерлік тұрғын үй салуға бөлінген 50,5 миллион теңге көлемінде құрылыс монтаждау жұмыстары нақты орындалмағаны үшін бюджет қаражатын ұрлағаны дәлелденді.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.