Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Көкшетауда М.Ғабдуллин ерлігінің 80 жылдығына арналған "Ерлікке тағзым" көрмесі өтті

"Көкшетау - Қазақстанның 2021 жылғы мәдени астанасы" жобасы аясында "Көкшетау" мәдениет сарайында Кеңес Одағының батыры Мәлік Ғабдуллиннің Мәскеу түбіндегі жасаған ерлігінің 80 жылдығына арналған "Ерлікке тағзым" атты көрмесі өтті, деп хабарлайды ішкі саясат басқармасы.

Көрмеге Семей қаласындағы облыстық тарихи-өлкетану және Нұр-Сұлтан қаласындағы ҚР Қарулы Күштерінің Әскери-тарихи музейлерінің қорынан жинақталған жәдігерлер (экспонаттар) қойылды.

Көрменің ашылу салтанатында Ақмола облысы мәдениет басқармасының басшысы  Айгүл Сабитова құттықтау сөзінде келген қонақтарға ризашалығын білдіріп, Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан қазақстандық жауынгерлердің жанқиярлық ерлігін ұмытпай, өскелең ұрпаққа насихаттау және жас ұрпақты ұлтжандылыққа тәрбиелеу маңыздылығын атап өтті.

Іс-шараға музей басшылары және қызметкерлері, зиялы қауы және БАҚ өкілдері және т.б. қатысты.

Шара барысында экскурсия жүргізушілері жиналған қауымды тарихи жәдігерлермен таныстырды.

"Жыл бойы Қазақстанның өзге облыстарының мәдениет және өнер мекемелері Көкшетау қаласына келіп, өздерінің жетістіктерін насихаттап, көрме, концерт ұйымдастырып, театр сахналарында қойылымдарды қалың көпшілікке ұсынып келеді. Осы арқылы мәдениет ұжымдары бір-бірімен тәжірбие алмасып, рухани жанданатыны сөзсіз", - деді Айгүл Сәбитова.

Көрмеге келген тұрғындар, мұғалімдер және жоғары оқу орындарының студенттері көрмені қызығушылықпен тамашалап, Ұлы Отан Соғысы жылдарындағы батыр ағаларымыздың қайсар ерліктері туралы біршама мазмұнды мағлұматтар алды. 

Айта кетейік, күні кеше ғана Көкшетау жеріне  Петропавл қаласындағы "Абылай хан резиденциясы" музей-кешені, Алматы облысындағы Жамбыл Жабаев әдеби-мемориалды музейі мен Жамбыл облысындағы Бауыржан Момышұлы, Қостанай тарихи-өлкетану музейлері өздерінің көрмелерін қойып, көкшетаулықтарға таныстырған болатын.


 

Дана Русланқызы
Бейсенбі, 31 Наурыз, 2022 18:01
Талқылау